Құрбыммен абысын болам деп оңбай қалдым

Oinet.kz 08-11-2022 4034

Бала кезден Марта екеуміз тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Асқақ арманымыз да, өмірлік бағыттарымыз да бір болатын. Достығымызға адалдығымыз сол – бір үйдің келіндері атансақ екен деп те арман жетегінде жүретінбіз. Қызық болғанда, айтқанымыз айдай келіп, абысын болдық. 

Screenshot_11.jpg

Осындайда «Әркім – өз тағдырының ұстасы» деген қазақ нақылы еске түседі. Ержан мен Мартаның үйлену тойында мен өмірлік бақытымды жолықтырдым. Марта күйеуге шыққан соң, екеуміздің кездесуіміз сирей бастады. Әңгімеміз де күннен-күнге жарасымын жоғалта бастады. Алайда бір үйдің келіні болған соң, күйбең тіршілікпен де қолы босамайтын шығар деп түсіндім. Бір жылдан кейін сол шаңыраққа мен де келін боп ендім. Жан құрбыңмен абысын болатынымды мақтанышпен айтатынмын. Достарымыз Марта екеуміздің бойжеткен шағымыздағы арман ақиқатқа айналды деп қызыға қарайтын. Десе де, өмір біз ойлағандай болмайды екен. Жаңадан келін боп түскен маған Марта жылы қабақ танытпады. Құдды танымайтын жат адамдай.Жолдасым Нұрманның отбасылық жағдайы жақсы, ата-анасы да – шағын да болса да бір-бір мекеменің тізгінін ұстаған жандар. Үш қабатты зәулім үйді қызғанды ма, әлде көңіл жаңа түскен келінге ауып кетеді деді ме, менің істеген жұмыстарыма тесірейе қарап, кекете күліп, үнемі шағып сөйлеп жүрді. Содан ол көп ұзамай өмірге шекесі торсықтай Ерсұлтан есімді ұлды өмірге әкелді. Аяғы ауыр деп көп қылығына көз жұма қарадым. Аяқ киімдерді тазалау, алып-алып кілемдерді жуу сияқты сыртқы жұмыстарға ғана араластыратын мені. «Марта, саған не болған? Қандай дос болғанымызды ұмытқаның ба» деп сұрағанымда, «Самал, көріп жүрсің ғой, үй тірліктеріне мен ғана жауаптымын. Балам да мазасыз. Сенімен бос әңгіме айтатын уақытым жоқ» деп тарс етіп айта салды. Анамның «Абысын аңдысын» деген сөзі осы екен ғой деп түйдім. «Марта менің де қызым ғой, екеуің бірге өстіңдер. Енді абысын боп бір үйде тұратындарың менің аналық көңілімді жұбатады» деген анамның қуанышы ұзағынан болмады. Марта енем екеуі оңаша шай ішіп, әңгімелескенді шығарды. Дүкендерге де бірге баратын. Енем де Мартаны менен бөлектеу көреді. Әрине, ақ отауының тұңғыш келіні қашан да ыстық қой. Бірақ, айналдырған қос ұлының әйелдерін бөліп-жарғаны мен үшін ерсі көрінді. Мен ерке, іске шорқақтау немесе оғаш қылық танытсам, ренжімес пе едім мүмкін?! «Қыздың ұяты шешеге» деген мақалды көкейіме тоқып өстім. Қыз бала болып дүние есігін ашқаннан кейін анам маған үлгілі тәлім-тәрбие беріп, инабатты қыз, барған жеріне ибалы келін атансын деп білген-түйгенін үйретті. Алайда оның жолында басқа да кедергілер көп болады екен.

Абысыным мені арамтамақ етіп көрсеткісі келді. Жиырмадағы қаршадай қыз едім. Еліміздің бетке ұстар жоғары оқу орнының студенті болдым. Ал, Марта колледжді ғана тәмамдаған. Маған жол сілтеп, білгенін үйретсе, мен одан оза шаппай, артынан еріп жүре берер едім ғой деп налимын абысыныма. «Бұға берсең, сұға бередінің» кейпіне ендім. Илеген нанымды жақтыртпай, өзінше тағы бөлек илегені менің қанымды қайнатты. Одан қалды менен де ерте тұрып, шай қайнатып, кір жуып отыратыны бар. Отасқанымызға екінші жыл өткенде абысыным «сен әдейі тумай жургеннен саумысың» деп енемнің көзінше айтып қалғаны маған ауыр соққы боп тиді. Нұрманға жылап, бөлек шығайықшы деп өтіндім. Екі жыл бойы ішіме тығылғандарды жайып салып, шыдамның шегі бар екенін жеткіздім. Рұқсатын бермеген қайын атама енем «еншісін беріп, бөлек шығарайық. Өз күндерін өздері көре аламыз деп отыр ғой. Көрейік!» деп жұлқынып сөйлеп шықты. Нұрман менің сөзімді сөйлеп, анасына «Біреуін шойын, біреуін шөлмек деп бөлген мына Сіз! Сол ма сіздің тәрбиеңіз»,- деп сөз қайтарған уақытта Марта да араласып, «Мамаға дауыс көтерме! Әйелің оқу-оқу, диплом деп бала да тумайды, не үй тірлігіне де жоқ» деп ащы даусын шығарды. Мен жылап тұрмын. Бәрінен Мартаға таңмын. Енемнің алдында ұпай жинау мақсатында бар өнерін паш етті, әйтеуір. Нұрманның мінезі тік болатын. Мартаға «Бәріне сен кінәлісің! Бір-біріңе бөтен адамдар емессіңдер! Істеген тірлігің осы ма?» деп дүрсе қоя бергені сол еді, Ержан Нұрманды бір ұрды. Айтқан сөзі: «Қатыныңның сөзін сөйлеме».

Нұрман отбасына ренжіп, екеуміз үйден кетіп қалдық. Бастапқыда абысынымның мақсатын түсінген уақытта-ақ мен бөлек шығуға қайын атам рұқсат бермеді. «Мына үлкен үйді мен екі ұлыммен, оның балаларымен бірге тұрайын деп салдым» деп бой бермеді. Әрине, әр ата-ана балаларының жанында болғанын қалайды. Қанша жерден тату дос болса да, бір үйде екі абысын тұра алмайтынына көзім жетті. Қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатқанымызға 5 жыл болды. Бастапқыда қиындықтар болды. Астанаға көштік. Нұрман құрылыс компаниясында бригадир қызметін атқарады. Тәп-тәтті егіз қызымыз бар. Мемлекеттік бағдарламамен үй алуға кезекте тұрмыз.

Бір қынжылтатыны – өсіп келе жатқан қос қызым атасы мен апасын білмейді. Ата-енем «қатынының сөзіне ерді» деп артымыздан бір іздеп келмеді. Абысыным Марта үш қабатты үйде кенже ұл-келін қалып қала ма деп барын салды. Мақсатына жетті. Алайда менің діттегенім ол емес еді. Нұрманымның ата-анасы кінәлі емес қой. Үйімізді алсақ, папа-маманы Астанаға үйімізге қонаққа шақырғым келеді. Келе ме, келмей ме, білмеймін. Бірақ өмірде менің түсінбегенім бір-ақ нәрсе. Абысындар неге бір-біріне қызғанышпен қарайды. Әлде бұл ақырзаманның белгісі ме?! Қазақтың салтымен енші беріп, ел-жұртты жинап, ақ батасын да бермеген ата-енем қайын жұртқа да бізді ұятты етті. Мұндайда сыйыса алмай кеткен мен боп көрінетінім түсінікті ғой. Бірақ, осының бәрін алдын-ала жоспарлы түрде іске асырған абысынымды кешіре алатыным екіталай. Әке-шешесі, туыс-бауырынан жырақта жүрген Нұрман үшін жүрегім ауырады. Уақыт – емші… Бізді алға жетелеп, өмірлік мақсаттарымызға жетуге медеу болатыны – тәп-тәтті ерке қыздарымыз.

Самал, Астана қаласы

Байдың ерке баласының сөзіне алданып жүрген жалғыз мен емес екем
Тасжүрек анамнан шаршадым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу