Қызым үйге ажырасып қайтып келді...

Oinet.kz 15-10-2022 15019

Мен 4 баланың анасымын, 3 ұлым бір қызым бар. Үлкен екі ұлым үйленіп, балалы-шағалы болды. Тұңғышым отбасымен Семей қаласында тұрады. Қызым Құралай да Семейдегі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін көп ұзамай тұрмысқа шыққан болатын. Күйеубалам Семей қаласына жақын ауылдың баласы еді. 

Screenshot_1.jpg

Қызым мен күйеубала бізден алыста тұратындықтан айына-жылына бір көреміз. Күйеубаламның мінезі біртоға, көп сөзі жоқ, жуас бала секілді көрінген. Ал менің қызым үш ұлдың арасында жалғыз қыз болғандықтан ерке болып өсті, әкесі әрқашан қызының сөзін сөйлеп, бетінен қақпай өсірді. Бірақ қызымызды қанша еркелетсек те мінезі салмақты, жауапы, ұқыпты болып бойжетті. Сондықтан ол қалада оқып жүргенде де мен Құралайға аса алаңдаған жоқпын. Жеңілтектік жасап, оқуын дұрыс оқымай, алдау-арбауға түсіп, келеңсіздіктерге ұрынып қалады-ау деп тіпті ойламайтынмын. Өйткені мен оған сендім, ол менің сенімімді ақтады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, математика пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шықты. Дипломын қолына алғанан кейін әкесі екеумізге және үлкен ағасына өзінің достасып жүрген жігітін таныстырды, көп ұзамай тұрмысқа шықты. Бір қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, отбасымен жап-жақсы тұрып жатқандай көрінетін бәрімізге. Жақында төбемізден жай түскендей оқиға болды.

Жолдасым екеуміз үш баламызды аяқтандырдық, енді кенже баламызды үйлендіріп, сонымен бірге тұрамыз, сол кезде екінші ұлды бөлек шығарамыз деп ойлап жүретінбіз. Бір күні жұмыстан үйге келсем, қақпаның алдында үлкен жүк көлігі тұр. Ойымда ештеңе жоқ, жолдасыма келген жұмысшылар шығар деп мән бермей үйге кіре бергенім сол еді алдымнан Құралай қызымның балалары «апалап» жүгіріп шықты. «О, немерелерім қонаққа келген екен ғой» деп қуанып асығып ішке кірсем, қызым сырттағы жүк машинасынан екі жігітке заттарды түсіртіп, үйге орналастырып жатыр екен. Мен түкке түсінбесем де: «Қызым-ау, қашан кеп қалдыңдар, неге алдын-ала хабарласпадыңдар?» деп бәйек болып жатырмын. Сонда қызым: «Мама, амансың ба?» деп құшақтап бетімнен сүйді де: «Мама, мен енді сендерден ешқайда кетпеймін, менен әзірге ештеңе сұрамашы» деді. Жүрегім зырқ ете түсті. Қызыма білдірмесем де, іштей «не боп қалды, сонда күйеуінен ажырасып қайтып келгені ме? Құдай-ау, ренжісіп қалса, өзіміз берген жасауымен, жүктерімен бірақ көшіп келгені несі?» деп ойым сан-саққа жүгірді. Кешке әкесі келіп, бәріміз дастарханға жайғасқанымызда Құралай: «Папа, мама, мені кешіріңдерші! Мен Мұратпен тұра алмадым, отбасымды сақтай алмадым. Енді оған қайтып бармаймын. Өтінем, неге өйткенімді сұрамай-ақ қойыңыздаршы» деді.

Біз қызымыздың онсыз да жаны қиналып, күйзеліп, бізден пана іздеп келгендіктен оны мазаламауды, артық сұрақ қоймауды ұйғардық. Әкесі: «Ауыл адамдары не десе, о десін, қызымнан әрнәрсені сұрап мазасын алма, өзі айтқысы келгенде айтар» деді.

Сонымен екінші ұлым мен келінім, немерелерім, қызым мен жиендерім бәріміз бірге тұрып жаттық. Жақында қызымыз өз үйінде өзін ыңғайсыз сезінбесін деп ұл мен келінді бөлек шығардық. Қанша айтқанмен бала-шағамен бірнеше отбасының бір шаңырақта тұруы қиын ғой.

Ауылдың адамдары, көрші-қолаң «Бәтиманың қызы қайтып келіпті, күйеуімен ажырасып кетіпті» деп пыш-пыш әңгіме айтып жүргенін естіп жүрмін. Ауыл болған соң, кімнің аузына қақпақ боласың. Бірде өзімнің жақсы араласатын құрбым шәй ішіп отырып: «Құралайдың күйеуімен ажырасып келгені дұрыс болған. Күйеубалаң отбасын тастап басқа бір әйелдің қолына кіріп алыпты ғой. Әскери салада жұмыс істейтін жігіттерге сенім бар ма? Үйде тоқтамайды, іссапарда жүріп біреуді тауып алған ғой» демесі бар ма? Әлгі құрбым сөйтіп маған бәрін қолымен қойғандай етіп әңгімелеп отыр. Шынымды айтсам не дерімді білмедім. Расында да күйеубалам әскери адам. Бірақ мен өз қызымнан күйеуінен неге кетіп қалғанын батып сұрай алмай жүрсем, ауылдың адамдары бәрін өздері көріп, куә болғандай айтып жүр.

Қызымның үйде жүргеніне 3-4 ай өткен соң, әкесі оны ауылдың мектебіне мұғалім етіп орналастырып қойды. Осында келгелі қызымның бір жарқ етіп күлгенін, ашылып сөйлегенін көрмеп едік, үнемі үндемей еңсесі түсіп, ойға шомып жүретін. Жұмысқа орналасқалы қызымның көңіл-күйі көтеріліп, жүзі жадырап қалды. Қызымның қызы мекетепке барып жүр, ал екіншісі 4 жастан енді асты. Анда-санда қызыма күйеубала телефон шалады. Сонда ол өзі телефонды көтерместен «әкелерің хабарласып жатыр, сөйлесіңдер» деп тұтқаны балаларына береді де, өзі мүлде сөйлеспейді.

Қазір қызымның бізбен тұрып жатқанына бір жылға таяп қалды. Осыдан бір айдай бұрын жұмыстан үйге түскі асқа келіп, дастархан даярлап жатқан едім, есіктен күйеубалам кіріп келді. Екеуміз ештеңе болмағандай амандасып, дастарханға жайғастырып шәй бердім. Сол уақытта қызым мектепте болатын, біраз уақыттан кейін қызыма телефон шалып, Мұраттың келгенін айттым. Ол маған: «Иә, жақсы, балаларын көруге келген болар, балаларымен кездесіп, сөйлессін» деді де қойды, өзі кешке дейін келмейтінін айтты. Мұрат балаларына әкелген сыйлығын беріп, біраз отырды да кетіп қалды. Ол кетуге ыңғайланғанда мен одан «Қарағым-ау, сендерге не болды, неге ажырастыңдар» деп сұрап едім: «Бұл Құралай екеуміздің өз шешіміміз, ешкімнің қатысы жоқ, біз заң бойынша ажырастық, мен балаларымнан бас тартпаймын, рұқсат етсеңіздер араласып тұрамын, кешіріңіздер» деді.

Мен осы күнге дейін күйеубалам келіп кешірім сұрап, Құралайды, балаларын алып кететін шығар, олар қайта қосылар деп іштей үміттеніп жүретінмін. Қызымның шаңырағы шайқалмаса екен деуші едім. Мұраттың сөзінен кейін олардың қайта қосылатынына сену қиын. Қызыма айтпай-ақ, құда-құдағимен сөйлесіп көрсем бе екен деп ойлап қоямын, бірақ осы уақытқа дейін құда-құдағи бір рет хабарласып, немерелерін сұрамағанына қарағанда олардың да Құралайды қайтаруға құлқы жоқ па?

Қызым ойланбай бір-ақ күнде ажыраса салатын адам емес, оның үстіне екі баласы бар. Тұрмысққа шыққан соң ол бізге ешқашан өзінің отбасындағы қиындықтар туралы айтқан емес, бәрі жақсы секілді көрінетін бізге. Сонда күйеубалам Құралайды шынымен басқа біреуге айырбастағаны ма деп ойлаймын. Өйткені мұндайда басқа не ойлауға болады? Қызыммен ертерек неге сырласып, әңгімелесіп тұрмадым, мүмкін уақытында кеңесімді айтып отырсам, осындай жағдайға жеткізбес пе едік деп өзімді кінәлап жүрмін. Қызым ешкімге сырын айтпай, неде болса, үндемей іштей тынған төзімінің жібі үзілген сияқты....

Бәтима, Шығыс Қазақстан облысы

alashainasy.kz

Өз рулас қызын алған тексіз жігіт опық жеп қалды
Маған қолы әрең жеткен күйеуім мені түк болмағандай тастап кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу