Анама деген өкпем қара қазандай. Ешқашан кешіре алмайтын шығармын

Oinet.kz 13-10-2022 2695

Мен үйдің тұңғышымын және ұзақ жылдар бойы жалғыз сәбиі болдым. Десе де, өзге отбасылардағыдай ата-анам мені еркелетіп, махаббатқа бөлей қойған жоқ. Әкем күні-түні жұмыс істеп, біздің киіміміз бүтін болсын деп тынбай еңбек етті. Анам үй шаруасындағы әйел болғандықтан, менің тәрбиеммен айналысты. 

Screenshot_2.jpg

Сәби күнімнен оның соқпағына шыдап келемін. Жеті жасымнан «ыдысты дұрыс жумадың, үйді қалағанымдай тазаламадың» деп оқтаудың астына алатын. Кейін ойлап қарасам, анам маған ешқашан «Қызым, мұны былай істейсің» деп, бір нәрсені түсіндіріп, үйретпеген екен. Оны қойшы, тіпті «Қызым» деп айтқанын естімегенмін. «Семіріп барасың», «Сен өзіңді сұлумын деп ойлайсың ба?», «Қолыңнан түк келмейді», «Топас», «Өлгенің артық еді» деген сөздерді ғана естіп өстім. Сабағыма да үнемі көңілі толмайтын. Үй тапсырмасын орындағанда бір нәрсені дұрыс түсінбей қалсам, басымнан ұрып, төбемнен нұқып, менің санасыз екенімді сан мәрте есіме түсіретін. Кейде сөредегі пышақты ала жөнеліп, «дұрыс жауабын айтпасаң саусағыңды кесемін» деп қорқытатын. Балалық шағым – өмірімнің қиын кезеңдерінің бірі шығар.

Біраз жылдардан кейін отбасымызда тағы бір сәби дүниеге келді. Анам ұлды болған жылы менің тәрбиеммен айналысуға уақыты да қауқары да болған жоқ. Шынымды айтсам, тіпті сол кезде оның мінезі жұмсарғандай болды. Ұлын ерекше қатты жақсы көрді. Оның біреуге кіршіксіз махаббатпен, жылы шыраймен қарағанын бірінші рет сол кезде байқадым. Жүзіндегі күлкісі шынайы екенін сездім. Десе де, ешқашан әке-шешемді інімнен қызғанып көрмегенмін. Керісінше, оларға қуаныш сыйлап, бақытты ететін жанның пайда болғанына қуандым. Бұл сәби әке-шешемнің арасын жалғағандай болды. Кезінде анам әкеме сүйіп қосылды дей алмаймын. Менің ойымша, сол себепті үйімізде түсініспеушіліктер болып тұратын. Жанжалды көбінесе анам тудыратын. Әйтпесе, әкем қой аузынан шөп алмайтын, жуас кісі. Әрқашан біздің көңілімізге қарап жүреді. Кейде анамның ауыр мінезін көтере алмай қалатын да шығар.

Інім дүниеге келген жылы мен біраз есейген болатынмын. Күндіз сәбидің жөргектерін жуып, тамақ жасап, үй жинап, анамның қолын жылы суға салуға тырыстым. Ал түнде бесік тербетіп, баланың ұйқысын күзеттім. Ініме бір қарағанда ішім жылып сала беретін.

Сол жылы сабағыма ерекше қызығушылықпен қарай бастадым. Көп ұзамай оқуымда біршама жетістіктерге жетіп, озат оқушылардың бірі болғаным үшін арнайы мадақтама да алдым. Бірақ сонда да анамның көңілінен шыға алмадым…

Қиналған сәттерімде көзіме жас алып, оңашада өз-өзіммен тілдесетінмін. Анамның мұндай қылықтары жайлы ешбір жанға тіс жармадым. Әлі бала болсам да, оның іс-әрекеттерінің дұрыс емес екенін сезетінмін. Жасөспірім кезімде қиналғаным есімде. Анам менің өмір сүргенімді қаламайтындай көрінетін. Үнемі титығыма тиетін сөздер айтып, жүріс-тұрысымды қатты қадағалайтын. Оны шынайы жек көріп кеткен кездерім де болатын. Қызының мұңайған сәтінде жанынан табылып, ақыл-кеңес берген құрбымның анасын көргенде таңданып, ерекше тамсанғанмын. Ол бойжеткен қызын сәбише еркелетіп, мейірімін төгіп отыр. Ал мен жүрегім қан жылап, «анам неге соншалықты тасжүрек болды екен» деп, ойланып қалатынмын. Өзге балалар секілді анаммен сыр шертіскім келді. Бірақ сол күйі оның махаббатынан мақұрым қалдым. Уақыт зымырап өтті де кетті. Анамның ауыр мінезіне етім баяғыда үйреніп кеткен. Оның мені кемсітіп, мұқатып көрсеткен «тәрбиесі» өз нәтижесін бермей қоймады. Жоғарғы оқу орнына түскен жылы өзімнің ұяң, ойын ашық айта алмайтын, сөзге шорқақ болып өскенімді байқадым. «Мен әдемі емеспін. Ақымақпын. Қолымнан ештеңе келер емес, маған үнемі елдің соңы болып жүру жазылған» деген ойлар маза бермеді. Оқуға түскен жылы біршама жаны жайсаң жақсыларды кезіктірдім. Олар бұрын-соңды мен көрмеген қырларымды байқап, адаммармен ашық-жарқын болуды үйретті. Бойымда сенімділік пен қайсарлық пайда болды. «Әр нәрсенің шегі бар» демекші, уақыт өте анамның адам айтса нанғысыз сөздерінен әбден қажыдым. Оның айтқандарына қарсы шығып, өз пікірімді білдіре бастадым. Әрине, бұл оған ауыр соққы болды. Осы уақытқа дейін анам тек өзінің іс-әрекеттерін дұрыс деп санаған.

Жылдар өте отбасылық жағдайымыз жақсара түсті. Мүмкін, сондықтан болар, арқасынан біраз жүк түскен әкем, анам екеуміздің арамыздағы кикілжіңді шешкісі келетін. Ал мен болсам, анама деген өкпемді тия алмай, «тым кеш қалдың» деумен болатынмын. Әкем менің жағдайымды жақсы түсінетін. Кезінде тәрбиеме араласпағанына, барынша көңіл бөле алмағанына қаймығатындай көрінеді. Арман-мақсаттарымды орындағысы келді ме екен, әрбір бастамамды қолдап отырды. Сол үшін әкеме деген алғысым шексіз!

Қазір жасым жиырма бесте. Осы уақытқа дейін азды-көпті жетістіктерге жеттім. Оқуымды үздік тәмамдап, шет мемлекеттерді де араладым. Бала күнімнен армандаған мамандықтың иесі болдым. Әрине, бұл жерде әкемнің рөлі аз емес. Тығырыққа тірелген кездері кімге жүгіне алатынымды білдім. Әкем әрқашан ақыл-кеңесін беріп, маған жол сілтеп отырады. Жаратқанның қолдағаны болар, өмірде өз орнымды тауып, бақытқа бөлендім. Барлығы жақсы десем де, ішімде бір түйсік бар. Анам қазір мүлде өміріме араласпайды. Екеуміздің арамыз сол күйі суық. Мен оны қанша жақсы көрсем де, сезімімді ешқашан білдіре алмаспын. Осыншама жылдар бойы неліктен анамның маған жүрегі жылымай қойды? Мен не жаздым? Бұл сұрақтардың жауабын іздесем де, таба алмадым. Бір жерден «Қатыгездік – ата-анадан беріледі» дегенді оқығаным бар еді. Ішімде «мен де анам секілді безбүйрек боламын ба», «балаларымның көз жасына қалып, өмірлерінің күл-талқанын шығараспын ба» деген қорқыныш та жоқ емес.

Сырласы журналы

Босаға аттамай жатып жесір атандым...
Туған қызыма анасы екенімді айта алмай жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу