Шымкент: Жастарға нашақорлықтың салдары ескертілуде

Oinet.kz 04-11-2024 163

000.jpg

Оқу жылы барысында шымкенттік полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп студенттерге есірткі қылмысының және нашақорлықтың салдары туралы ескерту жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті хабарлады.

Кездесу кезінде мамандар студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне тоқталуда.

Осындай кезекті іс-шара «Индустриалды техникалық колледжінің» ғимаратында өткізілді. Оған қатысқан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.

Сондай-ақ, мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.

Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Осы жерде айта кетері, жуырда Шымкентте шетелдіктен аса ірі мөлшерде есірткі тәркіленді. 21 жастағы ер адам қала аумағында "синтетиканы" таратумен айналысқан. Оны полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері құрықтады. Тексеру барысында одан мефедрон салынған бумалар табылып, тәркіленді. Психотроптық заттардың жалпы салмағы 100 грамнан асады. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Анықталған жайт бойынша полиция тергеу әрекеттерін жүргізуде. Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін ұзақ жылдарға бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.

Сондай-ақ, шымкенттік азамат есірткі жарнамалағаны үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жас жігітті Еңбекші ауданы полиция басқармасының жедел уәкілдері қылмыс үстінде ұстады. Оның заңға қайшы «жұмысты» интернеттен тапқаны және маусым айынан бері мегаполис аумағында есірткі заттарын жарнамалаумен айналысқаны анықталды. Ер адамнан өзі дайындаған жарнамалық жазулары бар парақшалар тәркіленді.

Полициямен есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау жайты бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қамауда. Заңнамаға сәйкес, аталған қылмыс үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Қаланың тазалығы—мәдениеттіліктің белгісі
Шымкент: Есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу