Қаланың тазалығы—мәдениеттіліктің белгісі
Шымкентте ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін 13 мыңға жуық тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласының полициясы хабарлады.
Қаланы таза ұстау – бұл санитарлық талаптар ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің белгісі. Аталған бағытта полицейлер жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың ластануына байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында ұдайы түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Тәртіп сақшылары белгіленбеген жерлерде қоқыс тастау жайттарын жедел басқару орталығының камераларының көмегімен де анықтайды.
Ағымдағы жыл басынан бері Шымкентте аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 13 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау заңнамаға сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Егер бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталап жасалған болса, құқық бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Қаланың тазалығы – әдемі эстетикалық көрініс қана емес, сонымен қатар біздің денсаулығымыздың кепілі.
Осыған байланысты полиция мегаполис тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.
Сондай-ақ, Шымкент полициясының хабарлауынша, демалыс күндері 9 шымкенттік ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды
Полицейлер түнгі рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде халық көп шоғырланатын жерлерде «жабайы» саудамен айналысып жүрген 15 жастағы қызды анықтады. Жасөспірімді тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін оның заңды өкіліне қатысты әкімшілік шара қабылданды.
Оқушылардың күзгі каникулында ұқсас құқық бұзушылықтары үшін көшелерде заңсыз саудамен және ақша жинаумен айналысқан тағы 8 баланың ата-анасы жауапқа тартылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың беймезгіл уақытта ересектердің еріп жүруінсіз үйінен тыс жерлерде болуына жол бергені үшін 200-ге жуық тұлға жазаланды.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың негізгі себептерінің бірі олардың бақылаусыз жүргені және ұйымдастырылмаған бос уақыты екенін еске салады. Өзіне өзі тапсырылған жасөспірім заң бұзушылықтарға жол беріп ғана қоймай, қаскөйлердің құрбаны болуы да мүмкін. Осы орайда полиция балаларыңыздың жүріп-тұруын, үйден тыс жүру уақытын бақылап, демалыс күндері бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға шақырады.