Студенттерге арнайы дәрістер өткізілді

Oinet.kz 06-11-2024 179

22.jpg 

Президенттің бұған дейін Жолдауларында, Ұлттық құрылтайда нашақорлыққа қатысты берген тапсырмаларынан кейін осы саладағы түсіндіру, алдын алу шаралары күшейтілді. Айталық Шымкентте колледж жастары арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Білім беру мекемелерінде нашақорлықтың алдын алуға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мүдделі қызметтердің қатысуымен қаладағы барлық техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінде студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дәрістер өткізілуі жалғасуда.

Кезекті іс-шара Шымкент жоғары медициналық колледжінде өткізілді.

Аталған іс-шараға Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының, Психикалық денсаулық орталығының және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.

Дәріс барысында мамандар жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, жаңа психоактивті заттардың таралуы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.

Сонымен қатар, интернет-дүкендердің әкімшісі болу және есірткі жасыруға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгені туралы ескертілді.

Шымкент қаласының полиция департаменті Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген іс-шараларды іске асыру аясында, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен білім ордаларында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Полицейлер еліміздің болашағы жастардың қолында екенін айта отырып, болашаққа сеніммен қадам басу үшін денсаулықтың қажет екенін, зиянды әдеттерге еліктеудің, қызығудың өмірлеріне қауіпті екенін, сондай-ақ есірткі қылмыстарына қатысудың салдарын ескертуде.

Осы мақсаттағы кезекті іс-шара «Болашақ» колледжінде жалғасын тапты. Мамандар студенттік жастарға толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.


«Баланың бақытты мекені—Отбасы»
Қаланың тазалығы—мәдениеттіліктің белгісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу