«QAMQOR» тұрғын үй бағдарламасын тиімді шешеді

Oinet.kz 05-11-2024 178

 000.jpeg

Президенттің халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес бірқатар жобалар қолға алынуда.  Шымкент қаласының тұрғындарына арналған «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына өтінімдер 30 қыркүйектен бастап қабылдануда. Бағдарлама 2024 жылдың 28 қарашасына дейін жалғасады және тұрғын үй мәселесін тиімді шешуге бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Тулебаев атап өтті.

«Qamqor» бағдарламасы аясында қалада қызмет ететін мамандар, соның ішінде дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, журналистер, мемлекеттік ұйымдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері, сондай-ақ энергетика және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары баспана алуға жеңілдетілген шарттармен қатыса алады.

Жеңілдетілген несие шарттары бойынша ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгені құрайды, ал пайыздық мөлшерлеме 6% (ЖТСМ 6,4%-дан) деңгейінде белгіленген. Алғашқы жарна көлемі небәрі 10% құрайды, бұл көптеген жұмысшы азаматтарға қолжетімді тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бағдарламаға 2202 өтінім қабылданып, үлкен қызығушылық байқалуда.

 «Qamqor» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесін Шымкент қалалық әкімдігі, ал 3 млрд теңгесін Отбасы банк қарастырып отыр. Жалпы 400 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

Шымкент қаласы «Отбасы банкі» АҚ-ы директорының орынбасары Еркін Ахыншаевтың атуынша,  «Отбасы банк» жаңа тұрғын үй бағдарламасына өтінімдерді қабылдап, арнайы ұпайлар жүйесін пайдаланып, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады. Бұл процесс толығымен автоматтандырылған түрде «Баспана маркет» порталы арқылы (https://otbasybank.kz/) жүзеге асырылады. Бағдарламаның цифрландырылуы деректерді тексеру барысында адами фактордың араласуын болдырмай, ұпай санау уақытын айтарлықтай қысқартады.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлердің Отбасы банкінде шоты болуы немесе банк клиенті ретінде тіркелуі қажет. Жеңілдетілген несиеге үміткерлер пулына ең көп ұпай жинаған азаматтар енеді. Ұпайлар жүйесіне жасы, некеде тұрған уақыты, балаларының саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы, тұрғын үй кезегінде тұру мәртебесі және Отбасы банкіндегі депозит жинақтарының көлемі (кемінде 500 мың теңге) әсер етеді.

«Qamqor» тұрғын үй бағдарламасы Шымкент қаласының жұмыс істейтін тұрғындарына тиімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін, қатысушылар ұпай санын келесі күні өздерінің https://otbasybank.kz/ порталындағы жеке кабинеттерінен көре алады. Ең көп ұпай жинаған 400 адам тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болады.


Шымкент: «Жайлы мектептерде» шәкірттер білім алуда
Шымкент: Тағы бір елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу