Шымкент: Тағы бір елді мекен көгілдір отынға қол жеткізді
Шымкенте тағы бір елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаратау ауданына қарасты 10 мың тұрғыны бар Бозарық тұрғын алабына табиғи газ берілді. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның құрылысы 2023 жылы басталып, қала әкімінің қатысуымен абоненттерге алғаш рет газ жеткізілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық тұрғындарымен кездесуде газдандыру кез-келген қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Әкім сондай-ақ, табиғи газдың қаланың экологиясын жақсартуға қосатын үлесін атап өтіп, тұрғындарға оны пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Қазіргі уақытта газдандырудың екінші кезеңі аясында шамамен 700 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең аяқталғаннан кейін қосымша 700-ден астам отбасы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жыл соңына қарай Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.
Жуырда Абай ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылына да гез келген боатын. Шаһар басшысы жергілікті тұрғындармен бірге 60 мыңнан астам халқы бар “Қайнарбұлақ” тұрғын алабында табиғи газ қосу шарасына қатысты. Бүгінге дейін тұрғындар тұрмыста сұйытылған газ пайдаланып келген еді.
Қаратау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда Қаратау ауданы бойынша газбен қамту көрсеткіші 96%-ды құрайды. Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас сияқты елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарында газ желілері әлі де тартылуды қажет етеді. Осы бағытта Тассай және Бозарықтағы газ құбырларын тарту жұмыстары 2024 жылдың IV тоқсанына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 98%-ға дейін көтеріледі.
Қалған елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарын газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген. Бұл шаралар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.