Шымкент: «Жайлы мектептерде» шәкірттер білім алуда
Республика күні қарсаңында Шымкентте алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өткен болатын. Қазіргі уақытта білім ұялары шәкірттерге есігін айқара ашты.
“Нұршуақ” шағынауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданды. Ал, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.
Заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.
Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 мектеп ашу жоспарланған. Еске салайық, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетері, биыл халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс» - деген болатын.
«Жайлы мектептерде» шәкірттерге қажетті жағдайлардың бәрі жасалған.