Шымкент: Өзекті мәселелер шұғыл шешімін табуы тиіс
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілістің күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Айнур Исабекова әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша сот қаулыларын орындау шеңберінде тәркіленген материалдарды жергілікті атқарушы органдарға берудің мәселелерін баяндады. Бұл ретте қала әкімі сала басшыларына бюджетке салмақ салмай, қолданыстағы қоймаларды тиімді пайдалануды тапсырды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа жылдық безендірілудің тұжырымдамасы мен дайындығын таныстырды. Қала әкімі жауаптыларға аталған мерекені эстетикалық талғаммен, креативті түрде ұйымдастыру бойынша тапсырма берді.
Ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың БАҚ және қоғаммен өзара іс-қимылының мәселелері туралы баяндады. Қала әкімі сала басшыларына азаматтардан түскен өтініштерге сапалы жауап беріп, өзекті мәселелерді шұғыл шешуді атап өтті.
Сонымен қатар қала басшысы ретсіз саудамен күресті жүргізе алмаған, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің лауазымды қызметкерлеріне шара қолдануды ескертті. Алдағы ауа райының қолайсыздығын ескерген қала басшысы су алу қаупі бар аумақтарда тиісті шараларды жүргізіп, көпқабатты тұрғын үйлерде жылу сапасын қадағалау қажеттігін айтты.
Осы жерде айта кетері, Шымкент күн сайын көркейіп, әсем қалаға айналып келеді. Мегаполисті абаттандыру бойынша жоспарлы әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, тұрғындар үшін жаңа демалыс орындары салынып жатыр.
Шаяхметов көшесінің бойында, 16 және 17 шағынаудан арасында орналасқан тағы бір гүлзар абаттандырылды. Айта кетейік, шағын әрі жайлы қоғамдық орын қолданыстағы аллеяның жалғасына айналды.
Демеуші өз қаражаты есебінен бос жатқан аумақты толығымен абаттандырып, қоршаумен қоршап берді. Сонымен қатар, мұнда қураған ағаштар алынып, тас төсеніш төселді және ерекше көрік беретін түрлі көшеттер мен гүлдер отырғызылды.
Бұдан бөлек, жоба аясында жаңа арықтар, суару жүйесі, заманауи жарықтандыру шамдары, шағын архитектуралық формалар, ыңғайлы тербелмелі орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Аллея енді көшелер мен шағынаудандар арасында байланыстырушы рөл атқарып қана қоймай, тұрғындардың демалып, әңгімелесуіне ыңғайлы әрі жайлы орынға айналмақ. Барлық абаттандыру жұмыстары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.