«Жайлы мектепте» барлық жағдай жасалған
Шымкентте Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектептердің» алды пайдалануға беріле бастады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осы мәселеге қатысты бағдарлама ұсынды. 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңға жуық баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалатынын айтқан болатын. Ұлттық жобаның аты – «Жайлы мектеп». 2023 жылы басталатын жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл өз кезегінде апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі.
Бүгінде жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы жағдай жасалынып жатыр.
Себебі, жайлы мектепте ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табуда. Осыған дейінгі білім ошақтарынан жайлы мектептің бір ерекшелігі осыда.
Шымкентте де жайлы мектепті көлікпен қамту жағдайы қарастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, аталмыш ұлттық жобасы аясында жаңадан ашылып жатқан мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізілетін болады.
Яғни, Қарабастау тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылады.
№55 автобус маршруты Нұршуақ шағынауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі арқылы ұйымдастырылады.
Айта кетері, биыл халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс» - деген болатын.
Осы орайда Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Республика күнінің қарсаңында алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы болды. Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастады.
Нұршуақ шағын ауданында орналасқан №140 жалпы орта білім беру мектебі толық жаңа технологиялармен жабдықталып,сонымен бірге ұстаздар қауымы мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ата-аналарда жайлы мектеп жобасы аясынан шет қалмаған. Ата-аналар үшін, арнайы күту залы бар. Әр санаттағы оқушылар үшін жас деңгейіне сәйкес спорт зал, асхана, дәретхана, ойын және ас үй бөлмелері қарастырылған. Оқушылар үшін ыңғайлы кітапхана, шығармашылық дағдыны дамытуға көмектесетін мәжіліс залы да бар.
Соңғы жылдары Қазақстанда "Жайлы мектеп" деген ауқымды жоба белсенді жүзеге асырылуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған және оқуға ыңғайлы барлық жағдай жасалған жаңа мектептер бүкіл ел бойынша бой көрсетіп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы тек ғимараттарды ғана салып қоймай, әр баланың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Ал оқуға ыңғайлы жағдайлар – бұл біздің еліміздің болашағына жасалған инвестиция.