«Дендропарк» қосалқы станциясы іске қосылды

Oinet.kz 02-11-2024 189

6.png 

Шымкент жыл санап тұрғындарының саны жедел өсіп келе жатқан қала. Бұл өз кезегінде қаланың коммуналдық саласына түсетін жүктемені көбейтеді.

Естеріңізде болса, былтыр халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы:

 Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады,-деп атап өткен болатын.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, электр энергиясына сұраныс  күн санап артып келеді. Осыған байланысты мегаполисте жаңа электр нысандары салынуда. Қала әкімі жақында 110/10 кВ кабельдік желімен жабдықталған, 36 МВт қуаты бар “Дендропарк” жаңа электр қосалқы станциясының іске қосылуына қатысты.

- Инвесторлардың қаражаты есебінен салынған қосалқы станция Абай және Әл-Фараби ауданында қарқынды дамып жатқан жаңа тұрғын аймақ пен коммерциялық нысандарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл шағынаудандарда көпқабатты үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар шоғырланған. Жалпы бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор, - деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Алғашқы кезеңде 5221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен бизнес өкілдерінің сұранысына сай қосымша 7500-ден астам абонентті қосу мүмкіндігі бар.

Қосалқы станция стратегиялық және экологиялық қауіпсіздік бойынша барлық заманауи талаптарға сай келеді. Жобаны жүзеге асыру барысында озық технологиялар мен жабдықтар қолданылды.


Шымкент: 251 отбасы баспаналы болды
Қайнарбұлаққа газ келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу