Қайнарбұлаққа газ келді
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкентте ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Абай ауданында қаладағы маңызды инфрақұрылым жүйесі іске қосылды. Шаһар басшысы Жергілікті тұрғындармен бірге 60 мыңнан астам халқы бар “Қайнарбұлақ” тұрғын алабында табиғи газ қосу шарасына қатысты. Бүгінге дейін тұрғындар тұрмыста сұйытылған газ пайдаланып келген.
Газ құбырының құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Халықты сапалы қызметпен қамтамасыз ету мақсатында әкім жауапты тұлғаларға жұмысты жоспарланған мерзімнен бұрын іске қосуды тапсырды.
Бүгінгі таңда абоненттердің 60%-ы тұрақты және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қалған 40%-ын қараша айының соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Бүгіннен бастап тұрғындар көгілдір отынға қосылуға өтінім бере алады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін “Ынтымақ-2”, “Тассай”, “Бозарық” және “Көктөбе” шағынауданы тұрғындарын да табиғи газбен қамтамасыз етуді жоспарлануда.
Қазіргі таңда Абай ауданы аумағындағы 27 елді мекенде 257,7 мың халық тұрады, олар 55 159 жеке үй және 220 көпқабатты тұрғын үйлерді қамтиды. Сонымен қатар, ауданда 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан бар. Ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі толықтай 100%-ға жеткен.
Аудандағы 23 елді мекен табиғи газбен қамтылған, бұл 85,2%-ды құрайды. Тағы 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде, олардың ішінде Қайнарбұлақтан бөлек Ынтымақ-2 шағын ауданы, және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабы бар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
27 елді мекеннің 7-еуі ғана кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылдан бері 5 ірі кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде Достық және Бозарық шағын аудандарында жұмыстар аяқталды.