Шымкент: Еңбек күнінде жәрмеңке ұйымдастырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа арнаған Жолдауында:
--Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды.
Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек,-деп атап өткен болатын.
Елімізде қыркүйектің үшінші жексенбісі - «Еңбек күні» мерекесі . Мақсат – Мемлекет басшысының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясын жүзеге асыру,өнімді еңбекті ынталандыру.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Еңбек күні» мерекесі аясында «Адал еңбек – адам көркі»атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Арбат алаңында өткен жәрмеңкеге қала аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік 100-ден астам жұмыс берушіден 4 534 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 2 764 орын тұрақты, 1 770 орын «Жастар практикасы» бағдарламасына арналған.
Мерекелік іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, өндіріс орындары мен білім беру салаларындағы еңбек озаттарын марапаттады.
Іс-шара барысында Еңбек мобильділігі орталығының мамандары http://xn--nbek-u4d.kz/ электрондық порталы ұсынған жұмыс орындарын халыққа таныстырды.
Биыл қалада 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, осыған дейін 23 691 адам қатысты. Жоспар 78,4% орындалды.
Атап айтқанда 2 426 адам http://xn--nbek-u4d.kz/ порталы талап етілген дағдыға онлайн оқыса, 3 228 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, 428 адамға комиссияның шешімімен қайтарымсыз грант бекітілді.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 6 639 адам жолданса, қаладағы тұрақты бос жұмыс орындарына 10 970 адам орналастырылды.
Жәрмеңке арқылы 335 адам тұрақты жұмыс орнына, 106 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жолдама алса, 139 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Одан бөлек, 65 тұрғынға қайтарымсыз грант, 18 адамға өңіраралық көші-қон жөнінде мамандардан кеңес алды.