Салт-дәстүр орталығы Шымкентте ғана бар
Шымкент қаласының төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында бой көтерген Салт-дәстүр орталығына биыл 10 жыл толды. Аталған мекеменің негізгі атқаратын қызметі – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту.
Осы атаулы күнге орай орталықтың мерейтойы Көрме орталығында керемет аталып өтті. «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» тақырыбымен өткен этнофестивальге көрші қырғыз елінен, Түркістан, Қызылорда облыстарынан өнерлерін арқалаған, шашуын шашқан өнерпаздар келді. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атаулы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді.
– Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттың рухани дүниесіне, жауһарларына көңіл бөле бастадық. Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін ұғынып, барынша насихаттап, ұлықтауға үлесін қосып жүрген бірегей орталықты бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталық. Орталық алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете берсін, – деді Сәрсен Құранбек.
Орталықтың негізгі атқаратын қызметі – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту болып табылады.
Ал мұндай мекеме еліміз бойынша тек Шымкентте ғана бар. Бұл ретте салт-дәстүр орталығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы көл-көсір. Әсіресе жаһандану дәуірінде өмір сүріп, түрлі идеологиялық қақтығыстар ортасында өсіп келе жатқан жастар үшін орталықтың берер пайдасы мол.