Шымкентте Бірыңғай есеп беру күні өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа арнаған Жолдауында:
--«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет,--деп атап өткен болатын.
Жуырда Шымкентте кезекті Бірыңғай есеп беру күні өтті. Шара барысында қалалық бақылау-қадағалау органдары 2024 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары жайлы мәлімет берді.
Бірыңғай есеп беру күнінің мақсаты – бақылау және қадағалау қызметін реформалау аясында атқарылатын шараларды түсіндіру, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қауіпсіз және заңды қызметті ұйымдастыру мәселелерін талқылау.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, кәсіпкерлік субъектілері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бақылау және қадағалау органдары, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдар мен қала прокуратурасының мамандары қатысты.
Қала кәсіпкерлері үшін Мемлекеттік кірістер департаментінің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, экология департаментінің басшылары есеп беріп, бақылау-қадағалау қызметінің жұмысына, құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңнамадағы өзгерістерге қатысты баяндама жасады.
Жиын қатысушылардың өтінішімен еркін форматта, ашық түрде өтті. Өңірдің кәсіпкерлері мен уәкілетті орган мамандары баяндамашыларға сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Жиын соңында жергілікті атқарушы органдар Бірыңғай есеп беру күнін жыл сайын өткізетіндіктерін айтты.