Ғабит Сыздықбеков: Ұстаздық биіктерге жетелейтін қасиетті қызмет

Oinet.kz 12-09-2024 446

 000.jpg

Бүгін Шымкент мектептерінде алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, шәкірттер жаңа оқу жылын бастады. Қаладағы жүзден астам білім ұялары оқушыларды қабылдады.

Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков осыған байланысты ұстаздар мен шәкірттерді білім күгімен құттықтады.

--Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – жүректерді толқытып, әрбір жанның есінде мәңгі сақталатын ерекше мереке. Алғашқы қоңырау үні балаларымыздың білім жолындағы алғашқы қадамын нықтай түсіп, жарқын болашаққа бастайтын асқақ арманның есігін айқара ашады. Бүгін қалада шамамен 27 000 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдарығын аттағалы отыр. Мұғалімдердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Көптеген мамандықтар бар, бірақ ұстаздық – жүрекке ең жақын, рухани биіктікке жетелейтін қасиетті қызмет. Сіздердің білім нәрімен сусындатқан шәкірттеріңіз ертеңгі күннің кемел тұлғаларына айналады. Ұстаздыққа деген адалдықтарыңыз бен ізгі ниеттеріңіз үшін алғысымыз шексіз.

Қымбатты ата-аналар, сіздерді де жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – сіздер үшін де жаңа бастаманың, жаңа мақсаттардың кезеңі. Балаларымыз – біздің бақытымыз, үмітіміз және болашағымыз.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және жаңа оқу жылында тек сәттілік тілеймін. Биылғы оқу жылы баршаңыз үшін жемісті, білім мен жаңалықтарға толы болсын! Білімнің шыңына жетелейтін жолда жаңа жетістіктерге жетіңіздер!

Білім күні құтты болсын!—делінген әкім құттықтауында.

Ал Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның құттықтауында былай делінген:

--Бұл күн жаңа жобалар мен ізденістердің, жаңа идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымы білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған міндет нақты іске айналатын кезең. Еліміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақтың зердесіне білім мен тәрбие алауын жағатын уақыт.

Ал ұлтымыздың ұлы перзенті, күллі қазаққа ұстаз болған дана Абай «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен.

Сондықтан Сіздер қай кезеңде болмасын ілім-білім жинауға қашан да асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтар қатарынан болатындарыңызға сенемін!

Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың: «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деген ұлағатты сөзі бар.

Зерделеріңізге тоқыған білімдеріңіз бен бойға дарыған ұлағатты тәлімдеріңіз жарқын болашаққа жол ашсын!

Еліміздің ертеңі өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, тәрбиелеу үшін мемлекет өз тарапынан барлық жағдайды жасауда.

Құрметті ата-аналар мен тәрбиешілер! Біздің балаларымыз - біздің жарқын болашағымыз. Олар өз күштеріне сенімді болуды, өз мақсаттарына табанды болуды, өз жаңалықтарында табысты болуды үйренетіні сөзсіз. Дегенмен, біз оларға назар аудару және қолдау арқылы көмектесе аламыз.

Қадірлі ұстаздар қауымы! Өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктеріміз аз болмады. Бұл ретте ел болашағын тәрбиелеп жүрген мәртебелі мамандық иелері Сіздердің тынымсыз әрі жемісті еңбектеріңізді атап өткен жөн.

Ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған игі қызметтеріңізге табыс тілеймін! Мәртебелеріңізді асырар шәкірттеріңіз көп болғай! Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін!


Ата Заң құндылықтардың бастауы
Шымкент: Құрылыс сапалы әрі мерзімінде орындалуы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу