Ата Заң құндылықтардың бастауы
«Халықтың үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков елді мекендердің аралап, халықтың талап-тілектерін тыңдап жүр. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жуырда шаһар басшысы мұнай-газ саласы қызметкерлерімен кездесіп, оларды төл мерекелерімен құттықтады. Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласындағы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өндірістік филиалын аралап, жұмыстарымен танысты. Кездесу барысында атаулы дата қарсаңында кәсіпорын ұжымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Одан әрі, Еңбекші ауданы, «Жасдаурен» шағынауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар әкіммен бірге коммуникациялық желілерді тарту, саябақ, балалар мен спорт алаңын салу, көшелерді кеңейту және қоғамдық көлік маршруттарының бағытын өзгерту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, Алатау көшесінің тұрғындарымен де жүздесті. Азаматтар бақылау камераларын орнату, жарықтандыру және полицияның қосымша бекетін орналастыру, балалар ойын алаңы мен «Алатау» саябағына демалатын орын салу сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Нәтижесінде, қала әкімі кезекті аралау қорытындысы бойынша сала басшыларына және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, гүлзар мен балаларға арналған ойын және спорт алаңы құрылысын қарастырып, алдағы жылдың жұмыс жоспарына енгізу міндетін қойды.
Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков Түркістан сарайында ұйымдастырылған Конституция күніне арналған мерекелік жиынға қатысып, қатысушыларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесімен құттықтады.
«Ата заң біздің мемлекеттік құрылымымыздың берік негізі саналады, ол елдің құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуының демократиялық принциптерінің табысты дамуын айқындады.
Конституция біздің негізгі құндылықтарымызды — Тәуелсіздік, Бейбітшілік және Тұрақтылықты бекітті. Әрбір қазақстандықтың міндеті — осы құндылықтарды қорғау» -деді, әкім өзінің құттықтауында.
Бүгінгі таңда елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ата Заңымыз — еліміздегі татулығы жарасқан барлық ұлттың бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүруінің кепілі болып отыр. Сондықтан барша жұртшылық бұл күнді айрықша қадірлейді және болашағының бүгінгіден де нұрлы боларына нық сенеді.
Салтанатты іс-шара «Ұлы дала шежіресі – Ата заң» деп аталатын концерттік бағдарламаға ұласты. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры «Дала Парламенті» қойылымын көрсетті. Шымкенттік әншілер, опера және балет театрының солистері, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі, «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері, «ERTURAN» тобы, Шымкент-Цирк әртістері де мерекелік іс-шарада өнер көрсетті.
Шара соңында, қала әкімі Ғ.Сыздықбековтың ықылас гүлі табыстап, негізгі заңның үстемдігін нығайтуға қосып жүрген барша жұртшылыққа шын жүректен алғысын білдірді.