Шымкент: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін рейд ұйымдастырылды
Шымкенттік тәртіп сақшылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша рейд өткізді. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті хабарлады.
Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының қызметкерлері отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау бағытында мақсатты жұмыстар атқаруда.
Атап өтсек, Әл-Фараби ауданының әкімшілік аумағында тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу мақсатында және тұрмысы төмен отбасылырдың мұқтаждықтарын анықтау мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан әкімі аппаратының халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің бас маманы Лаура Омарова, Әл-Фараби АПБ зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Назерке Төлеген, №3 арнаулы әлеуметтік дағдарыс орталығының заңгер маманы Г.Моминова және учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
Шара барысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. Тұрғындар қызықтырған сұрақтарына толыққанды жауап алып, құқық бұзушылық орын алған жағдайда, полицияға жүгіну керектігі туралы ескертілді.
Айта кетері, биыл сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Заңда әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.