Шымкент: «Мерейлі отбасы– 2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Шымкентте «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауға қаладан 183 отбасы қатысып, ақтық сында - 20 отбасы бақ сынады. Жеңімпаздарды арнайы құттықтауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
- Отан - отбасынан басталады. Ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген шараға қатысуға ниет етушілердің көптігі көңіл қуантады. Мемлекет - отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Берекесі жарасқан, құтты шаңырақ иелерін мерейлі жеңістерімен құттықтаймыз,- деді Сәрсен Абайұлы.
Байқау нәтижесінде, Сыдықовтар отбасы үздік деп танылып, Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілген болатын. Мереке қарсанында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Конкурс 3 кезеңде өтеді: бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші кезең – облыстық, үшінші кезең – ұлттық. Байқауды өткізудің мақсаты:
ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
отбасыларды кәмелетке толған балаларының күтім жасауын дәріптеу және кеңінен насихаттау;
отбасылық көркем шығармашылықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, отбасылық шығармашылық байланыстарды ынталандыру;
отбасылық шығармашылық саласындағы жетістіктерді көпшілікке дәріптеу, бос уақытты ұйымдастырудың жаңа түрлерін дамыту және тарату.