Шымкент: Мерекеде қоғам белсенділері марапатталды
30-тамыз Конституция күніне орай, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жиын барысында Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев қала тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтап, қоғам белсенділерін марапаттады.
– Маңызды мерекелердің бірі - Конституция күні қарсаңында қоғам белсенділерін марапаттауды жөн көрдік. Қоғамдық жұмыстарда ешқандай ақысыз, қызмет етіп жүрген, өз істерінің маманы болған жандар қашанда құрметке лайық. Елімізде су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қайырымдылық көмек көрсеткен және ауданның экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына белсене үлес қосқан кәсіпкерлер де елеусіз қалған жоқ. Мұндай шаралар біз үшін маңызды, – деді Досалы Амангелдиев.
Іс-шара барысында облыстық филармонияның қызметкерлері концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Сондай-ақ, 30 тамыз - Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара Абай ауданында да жалғасты. Іс-шара "Шымсити" саябағында ұйымдастырылып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан жиналған көпшілікті Конституция күнімен құттықтап, тиімді құқықтық жүйенің қалыптасуының арқасында елдің экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқатының артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, әкім заң саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға "Алғыс хат" табыс етті. Жиында "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері де марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, эстрадалық әндер орындады.