Шымкент: Комиссия құзырлы органдарға ұсыныстар берді

Oinet.kz 28-08-2024 400

10 (2).jpg 

Шымкент қаласында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, олардың еңбегін әділ бағалау және дискриминацияға жол бермеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы және жалғызбасты қарттарды әлеуметтендіру бойынша жұмыстар талқыланды.

Комиссия мүшелері талқыланған мәселелер бойынша баяндамашыларға сұрақтарын қойып, бірнеше мәселенің шешу жолдарын қарастырды. Отырыстың нәтижесінде, Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы комиссия құзырлы орындарға нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Бұл жұмыстар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Айта кетері, биыл сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды.

Заңнама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың директиваларына сәйкес Балалар Құқықтары Жөніндегі Уәкілмен, Парламент депутаттарымен және әртүрлі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленді. Заң осал топтарға қолдау көрсету және зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін сенімді инфрақұрылымды дамытуға баса назар аудара отырып, Бүкіл Қазақстан бойынша отбасылар мен балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.


Шымкент: Мерекеде қоғам белсенділері марапатталды
Ж.Шанин театрының тарихына қатысты тың деректер табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу