Шымкент: Қонаев даңғылының бір бөлігі биыл ашылады

Oinet.kz 26-08-2024 394

 000.jpg

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі ең алдымен Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша құрылыс барысын тексерді. Биыл жыл соңына дейін Терешков көшесінен Әйтеке биге дейінгі аумақты көлік қозғалысына ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы, Әйтеке би көшесінде сауда орындарының қасбеттерін бірыңғай жобалық кодекске сәйкес ретке келтіру жұмыстарын бақылады. Жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеліп, оның ішінде жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көріктендіруге баса назар аудару қажет екендігін атап өтті.

Одан әрі Қаратау ауданы, «Нұрсат» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты тиімді жүргізіп, бекітілген мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданында «Шымкент сити» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Әңгімелесу барысында аула аумағын ретке келтіру, бейнекамера орнату және қосу, жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ қоғамдық көлік, жасыл желекті суару және қоқыс шығару мәселелері талқыланды.

Аралау соңында қала әкімі тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды.

Сондай-ақ,  Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Соның ішінде, экология мен қала құрылысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлары мен оларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар ерекше назарға алынды.

Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков «Шымкент Бас Жоспары» мекемесі тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева жаңа жұмыс орындарын құру жоспарының орындалуына тоқталып, биылғы жылы қалада 26 482 жұмыс орнын құру жоспарланғанын атап өтті.

Жиын соңында, қала әкімі жастарға берілетін білім гранттарын тездетуді, жол құрылыстарын уақытында аяқтау және тұрмыстық қалдықтарды жинастыру сияқты маңызды тапсырмалар берді.


Мақсат—қызмет сапасын жақсарту
Құрылыс сапасы—басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу