Алаяқтарға алданбаңыз!

Oinet.kz 03-08-2024 103

2.jpg

«Келініңіз адам қағып кетті».  Шымкентте зейнеткер туысын құтқару үшін жалған тергеушіге жарты миллион теңге берген. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Алаяқтардың арбауына түскен Шымкенттің 90 жастағы тұрғыны.

Азаматшаға белгісіз тұлға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, келіні жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Алайда мәселені белгілі сомамен шешуге болатынын және зейнеткерден ол ақшаны курьер алып кететіндігін айтқан. Туысына көмектесу үшін қарт ана алаяқтарға барлық жинап-терген қаражатын беріп жіберген. Іздестіру іс-шараларының барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушінің үйінен қолма-қол ақшаны алу үшін келген тұлғаны анықтап, ұстады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өз жауабында ұсталған ер адам мессенджер арқылы алған нұсқауға сәйкес әрекет еткенін жеткізді. Алған ақшаны белгілі бір шотқа аударуға келіскен ол шартты орындамай, алаяқ «жұмыс берушісін» алдап кеткен екен.

Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Осыған ұқсас жағдайлар мегаполисте бұған дейін де кездескен. Еңбекші аудандық Полиция басқармасына зейнеткер әйел алаяқтық туралы арызбен жүгінген. Оның айтуынша, оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз біреу қоңырау шалып, қызының жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған.  «Полицей» егер зейнеткер белгілі бір соманы жақын арада  үшінші адам арқылы беріп жіберсе, кінәлі адам жазадан құтыла алады деп сендірген. Қоңырау шалушы телефонды сыбайлас қызына береді. Ал ол зейнеткерге оның қызы ретінде, даусын  дірілдетіп сөйлеп, көмек сұраған.  Бұдан кейін әйелдің күмәні толығымен сейілген. Нәтижесінде қала тұрғыны алаяқтарға өзінің барлық жинаған 4,5 миллион теңге көлеміндегі ақшасын беріп жіберген.

Сол күні полицияға телефон алаяқтарының тағы бір құрбаны хабарласты. Жол көлік оқиғасына «кінәлі» болған  немересіне көмектесу үшін 79 жастағы зейнеткер 2,5 миллион теңге төлеген.

Тергеушілер аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы "алаяқтық" бойынша тіркеді. Іздеу шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушілердің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтады және оны ұстады. Ол Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны болып шықты.

Өзінің берген жауабында жас жігіт мобильді мессенджер арқылы алған нұсқауларға сәйкес әрекет еткенін айтқан. Оның міндеті - айтылған мекен-жайлардан ақша алу және оны белгілі бір банктік шоттарға аудару болған. Бұл үшін ол 50-ден 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған.  Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оның аясында қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғалар анықталып жатыр.

-Тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертеді. Алаяқтар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырады, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, белгілі бір сома мәселені шеше алады деп сендіруі мүмкін. Мұндай жағдайда 102 телефоны бойынша полицияға хабарласып, ақпаратты тексеру керек. Ешбір жағдайда үрейленбеңіз, ақшаны бейтаныс адамдардың шотына аудармаңыз тіпті, қолма-қол бермеңіз,-деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.


Құнды кітаптың тұсаукесері өтті
Шымкент: Солтүстіке көшсем дегендер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу