Құнды кітаптың тұсаукесері өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда жыл басынан бері көптеген игі істер атқарылуда. Соның бірі «Бабалар ізімен қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының жарыққа шығуы дер едік. Құнды кітаптың тұсаукесері Астана, Алматы қаласында ұйымдастырылған болатын. Осы игі шара Шымкенттегі Әл-Фараби кітапханасында жалғасын тапты. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Іс-шарада ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, құнды дүниенің маңыздылығын жан-жақты баяндап берді. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ соңғы жылдары дін мен дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл еңбекті жарыққа шығаруға біршама уақыт кетті. Мың жылдық тарихымызды түптеп, сан ғасыр бұрын ұланғайыр атырапты мекендеген бабаларымыздан қалған құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізейік деген мақсатпен күрделі еңбекті ұсынып отырмыз.
Кітап еліміздің барлық кітапханаларына таратылып жатыр. ҚМДБ соңғы жылдары дәстүрлі танымдарға ерекше назар аударып келеді. Бабаларымыз ұстанған сара жолды насихаттаудағы басты мақсат – келешек ұрпаққа ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни құндылықтарға негізделген дәстүрлі дініміздің негіздерін жеткізу.
Себебі дәстүрлі дінімізбен сусындаған жастар жат ағымның жетегінде кете қоймасы анық. Бұл салада бірнеше жоба қолға алынды. Соның бірі осы құнды еңбек, – деді бас мүфти.
Жаңа кітапта асыл дініміз Исламның қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған иман негіздері, сондай-ақ, мұсылмандық әдет-жоралғылары қамтылған. Кітап үш бөлімнен тұрады.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев аталған еңбек жастарға жол сілтеуші құнды кітапқа айналарына сенім білдірді.
Сондай-ақ, жиында бас мүфти алдағы жоспарлардан хабардар етті. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мүфтияттың игі бастамасы жайлы оң пікірлерін айтып, ізгі ниеттерін жеткізді.