«Жастармен бірге» онкүндігі өтеді
Жас ұрпақтың тәрбиесі қай кезде де ең маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», - деп атап өткен болатын.
1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы дүниежүзілік жастар министрлерінің конференциясында 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп жариялау туралы ұсынысы мақұлданған. Бүгінде бұл мереке жыл сайын аталып өтіліп келеді. Осы орайда, 2024 жылы елімізде 3-12 тамыз аралығында «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ» ұлттық онкүндік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы міндетін атқарушы Жұмағұлова Әйгерім Әбдіохапқызы баяндады.
Іс-шаралар кешені аясында қаламыздың жастарын қоғамдық және волонтерлік бастамаларға қатысуын, жастардың мемлекеттік шаралардан хабардар болу деңгейін, қала жастарымыздың азаматтық жауапкершіліктерін, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жобаларға қатысу деңгейлерінің артуын және ғылым мен білімге қызығушылықтарын арттырып, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау және іске асыруға үлкен мүмкіндік болып табылады.
Аталмыш іс-шаралар тізбегі жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға атаулы көмек көрсету, қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді ат салысуын насихаттау мақсатында сондай-ақ қала жастарын мерекемен құттықтау мақсатында өткізіледі.