«VISIT SHYMKENT» --Түркістан әуежайында

Oinet.kz 04-08-2024 438

12.jpg 

Түркістан әуежайында «VISIT SHYMKENT» туристік ақпаараттық дүңгіршегі ашылды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Тікелей ұшақпен киелі Түркістанға келетін туристерге Шымкент қаласының туристік объектілерін жарнамалау мақсатында Түркістан қаласының әуежайында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық дүңгіршек ашылды.

Аталған дүңгіршек азанғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс жасап, қаламыздың мәдени, гастрономиялы, эко, экстремалды және т.б. бағыттарының турмаршруттарын туристерге ұсынады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының киелі орны Сайрам тұрғын алабындағы Қожа Ахмет Ясауидің ата анасы Ибрагим ата мен Қарашаш анаға және басқа да әулиелерге зиярат жасауға шақырып, Шырайлы Шымқаламызға жетудің ыңғайлы жолдарын айтып, көмектеседі.

Ендігі кезекте дәл осындай дүңгіршекті Самарқанд қаласында ашу жоспар бар.

Осы жерде айта кетері, былтыр шырайлы Шымкент қаласына сырттан 449 098 қонақ келіпті. Оның ішінде ішкі туристер саны -- 420 398, шетелдік туристер саны -- 28 700 адам. Мұндай мәліметті жуырда Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов брифингте жария етті. 

Статистика департаментінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 3 айында қалаға  111 733 турист келген. Шымкентке кеп жатқан туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей Федерациясы мен Қытай мемлекетінің азаматтары екен. Мәселен, есепті мерзім ішінде  Өзбекстаннан – 9 844 адам, Ресей Федерациясынан – 3 659 адам және Қытай Халық Республикасынан 2 633 адам келді.

«2024 жылы орналастыру орындарының саны 148 жетсе,   бөлме қорының саны 6 409 бірлікке артып отыр. Қала аумағында 20 туристік оператор мен 120-дан аса туристік агенттіктер тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда тікелей әуе бағытында 12 ішкі рейс, ол – Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Өскемен, Орал, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл, Семей және 5 халықаралық рейс – Мәскеу, Ыстанбұл, Дубай, Анталия, Кутаиси бағыттары бойынша ұшақтар қатынауда. Осы күнде әуе хабарламаларының санын көбейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» деді Бексұлтан Ержанұлы.

Мегаполисте заманауи қонақ үйлердің артуы туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық.   Осы тұрғыда 2024 жылы 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отыр. Олар атап айтқанда «Makhambet», «Kazakh Hotel», «Алтай», «Керемет», «Zeinnur-Tau», Dara Garden Hotel, Mardan, «Diamond Hotel» туристік нысандары.

Сонымен қатар маусым айында Шымкентте бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды. Әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйінің «Шымкент Сити» шағынауданында құрылысы басталып, 2026 жылы ашу жоспарлануда. Жалпы қонақ үйде 167 бөлме, 1-ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц – залдар болады. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

 


Көлік --экономиканың күре тамыры
Ұландықтар ант берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу