Шымкент: Электромобиль шығаратын зауыт «Жұлдызда» салынады

Oinet.kz 14-07-2024 448

16.jpg 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Guyi Holding Company» құрамына кіретін компания өкілдері үш меморандумға қол қойды. Маңызды келісімдер мегаполис басшысының Сиань қаласына сапарының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың қатарында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы және ағын суларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін цифрлық жабдықтар шығаратын зауыт салу туралы алдын ала келісімдер, сондай-ақ қаланы көріктендіруге бағытталған жобаларды әзірлеу және қолданысқа енгізу туралы меморандум бар.

Жуырда қала әкімі инвесторларды аумағында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриалды аймағымен таныстырды. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған.

Бұл меморандумдар тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында да электромобиль өндірісін дамытуға септігін тигізетін стратегиялық маңызды қадам саналады. Қала басшысы инвесторларға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.

Еске сал кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация 24-25 маусым арылығында Қытайдың Сиань қаласында болып, бірқатар келіссөздерге қол қойды. Сапар барысында Сиань қаласындағы алғашқы ұлттық тағамдар «Жеті тандыр» мейрамханасы жобасының іргетасын қалау рәсімі өткен.  Әрі қарай, Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының ғимаратында Шымкент-Сиань қалалары кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумы ұйымдастырылған. Аталған форум аясында қытайлық жергілікті 30-дан астам және қазақстандық 20-дан астам кәсіпкерлер арасында денсаулық сақтау, IT, металлургия, қоғамдық тамақтану, білім, ауыл шаруашылығы, электр жабдықтарының және құрылыс материалдарының өндірісі сияқты салаларда В2В кездесулер болды.

Одан бөлек, қытайлық  ірі компаниялармен кездесулер өткен. Сапар аясында Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй мырза және қала мэрі Е Нюпин мырзамен кездесу өтті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктері мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты бастамалар талқыланды. Атап айтқанда, баламалы энергия көздері саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды әзірлеу, Шымкентте күн электр станциялары мен көлік-логистикалық орталықтар салу, жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу жобаларын дамыту ұсынылды. Кездесу нәтижесінде ағымдағы жылдың күз мезгілінде Шымкент қаласында екі қаланың бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу жоспарланды.


Шымкент: Айналма жолдың құрылысы 2025 жылы аяқталады
Шымкентте «QAZAQ QAZYNASY» кілемдер цехы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу