Сенатор судьялармен кездесті
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қалалық сотының судьяларымен кездесіп, сот жүйесіндегі соңғы жылдардағы реформалар, жаңашылдықтар тақырыбында жиын өткізді. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Жиынға алқа төрағалары мен судьялары, жергілікті соттардың төрағалары және Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері қатысты.
Сенатор жиында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына енгізгелі тұрған өзгерістерден хабардар етті.
Сонымен қатар, алқа судьялары Назира Аманқұлова және Виталий Мирошников «Сот жүйесін реформалауға және практикада құқық қолдануға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді талқылау мәселелері» туралы баяндама жасады.
Кездесуде қалалық сот төрағасы Әділхан Шайхисламов «Сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы» заң жобасына депутаттар бастамашы болғанын атап өтіп, сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмалардың жүйелі орындалып жатқанын жеткізді.
Айта кетері, бұған дейін Нұрлан Бекназаров шымкенттік тәртіп сақшыларымен кездескен болатын. Полиция департаментінде өткен кездесуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Полиция департаментінің бастығы Д.Таев сенаторға қаладағы қылмыстың 24,8%-ға төмендегені туралы баяндады. Сонымен қатар кездесуде жергілікті полиция департаменті жұмысының тиімділігін арттыру туралы шешім қабылдау қажеттігі, олардың бірі полиция қызметкерлерінің санын көбейту екенін атап өтті. Сенатор өз кезегінде құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың және құқықтық мемлекетті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Нұрлан Бекназаров азаматтарға жеке қабылдау да өткізді. Онда көшелерге ардагерлердің есімдерін беру, бизнесті қолдау, жұмысқа орналастыру және денсаулық сақтау мәселелері талқыланды.
«Мұндай кездесулер өте маңызды. Біз Президент тапсырмаларының орындалуын қадағалап қана қоймай, халықты толғандыратын мәселелерге де назар аударамыз. Барлық көтерілген мәселелер қолданыстағы заңнама аясында қаралып, шешілетін болады», - деп атап өтті депутат.