Мәжіліс депутаты Шымкенттің мәдениет нысандарында болды

Oinet.kz 11-07-2024 653

12.jpg 

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Оңтүстік өңіріне іс-сапары жалғасуда. Ол Шымкенттегі мәдени, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен жүздесті.   Бұл туралы Мәжілістің ресми сайты хабарлады.

Алдымен Қазыбек Иса Шымкент қаласындағы кітапханаға барып, еңбек ұжымымен кездесті. Кітапхана қызметкерлері мәжілісменге сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Кітапханашылардың жалақыларын көтеру,  еңбек демалыстарын 45 күнге дейін ұзарту сынды тілектерін жеткізді. Мәжіліс депутаты бұл мәселелер бойынша жазбаша  түрде  өтініш жазу керектігін айтып,  өз тарапынан тиісті  мемлекеттік органдарға депутаттық  сауал жолдайтынын  жеткізді. Мәжіліс депутаты «Асар»  шағын ауданында орналасқан №90 дарынды  балаларға арналған мамандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздарымен  және осы білім ошағында ашылған «КАДЕТ» сыныбы шәкірттерімен  кездесті. Жоба бойынша оқушыларға құқықтық білім мен әскери-патриоттық тәрбие  беріледі. Кадет сыныбының оқушылары сабақтан тыс уақытта сапта жүру, алғашқы медициналық көмек көрсету, автоматты бұзып-жинауды үйреніп, спорттық жаттығулармен айналысады. – Елімізде алғаш болып «Кадет» сыныбы ашылыпты. Өте құптарлық бастама. Өзім ұсыныс жасап, осы мектепке арнайы келіп отырмын. Тұрғындармен кездесуде айтылған мәселенің бәрі ұлттық идеологияға қатысты. Мәдениет саласы өкілдерінің жалақысы, зейнетақы, жер мәселелері көтеріліп жатыр. Жалпы Шымкентте көптеген оң өзгерістер бар, – деді Қ.Иса. Бұдан соң депутат Шымкент қаласы Көкбұлақ елдімекенінде орналасқан мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Мердігер компания басшылығы құрылыс жұмыстары  биыл тамыз айында  аяқталатынын айтып, уәде  берді.  Сондай-ақ мәжілісмен Игілік елдімекенінде орналасқан мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Қазыбек Иса Мәжіліс мінберінде көтеріліп жүрген мәселелерге кеңінен тоқталды. Тұрғындар № 82  мектептің ғимараты  ескі әрі осы күнге дейін балалар 3 ауысымда  оқитыны жөнінде мәселе көтерді. Бұдан бөлек Қызылжар елдімекенінде көшелерге асфальт төсеу, жаяу жүргіншілерге тротуар салу, қанғыбас иттер, Бадам  өзенінен су шығару, көпқабатты  үйлердің  қасбетін жөндеу жайлары да сөз болды.  Қазыбек Иса бұл мәселелерді шешу бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын айтты.


Шымкент: Әкім тұрғындармен мәселе талқылады
Шымкентте трансплантациялау саласы қарқынды дамып келеді--сенатор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу