Шымкентте 18 «Жайлы мектеп» салынып жатыр

Oinet.kz 11-07-2024 417

9.jpg 

Шымкент қаласында Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан 18 «Жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Жаңа Тұрлан» шағын ауданында, Жайлы мектеп жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты.

Мәжіліс депутаты кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше көңіл бөлуде екенін, сондай-ақ, халықтың ерекше мұқтаждыққа ие білім саласы да басты назарда екенін айтты. Бағдарламада әлеуметтік салаға баса мән берілген.

Білім басқармасы басшысының берген мәліметінше, қазірдің өзінде 900 бала №55-ші мектептен ауысқалы отыр екен. 1-ші сыныпқа қабылданатын оқушылар тағы бар. 1200 орынға арналған мектеп ғимараты жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Осы орайда, халық қалаулылары жайлы мектеп халыққа жайлы болуы керектігін, шапағатын халық көріп, сезіну керектігін нақтылады.

Бұл жаңалық жергілікті тұрғындарды қуантты. Жалпы 670-тен астам отбасы тұратын шағын ауданда мектеп жасындағы бала көп. Балалар 3 шақырым қашықтықтағы мектептерге қатынап оқиды. Сондықтан салынып жатқан мектеп тұрғындар үшін өте маңызды.

Бүгінде мегаполисте 18 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы биыл бітеді деп күтілуде. Нысандардың басым бөлігінде бетон жұмыстары аяқталып, мектептердің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту мен ауланы абаттандыру істері де қолға алынған. Осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады. Бұл 17300 оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша мегаполистегі мектеп тапшылығы едәуір азаяды. Аталған мақсатқа жету үшін жайлы мектептердің құрылыс алаңында жұмыс екі ауысымда қарқынды жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.

Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған.


«Нағыз қазақ домбыра»
Шымкент: Оқушылардың 94 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу