«Ордабасыға» жаңа басшы келді
Шымкент қаласының әкімі «Ордабасы» футбол клубының ұжымы және жанкүйерлерімен кездесіп, клубтың жаңа президенті Асхат Сейсембекті таныстырды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Асхат Сейсембек Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының бас директоры, ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы қызметтерін атқарған. Футболға да тікелей қатысы бар.
Кездесу барысында клубтың жоспарлары мен міндеттерін талқыланды. Команданың алға қойған негізгі басты мақсаты - Қазақстан чемпионы атағын қорғау, іріктеу ойындарында лайықты өнер көрсету және УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өту.
Сондай-ақ әңгіме барысында жанкүйерлер жаңа стадион салу тақырыбын қозғады.
- Спорт аренасының құрылысын жақын арада «Бозарық» шағын ауданында бастауды жоспарлап отырмыз. Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін «Қажымұқан» стадионын қайта құруды бастаймыз, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, әкім Бадам (Михайловское) су қоймасы ауданында екі алаңдық - табиғи және жасанды жабыны бар футбол клубы үшін жаттығу базасын салу ойда барын жеткізді.
Кездесу соңында клубтың жаңа басшылығы мен ұжымына жетістіктер, жарқын жеңістер тіледі.
Айта кетері, «Ордабасы» --Қазақстандық кәсіби футбол клубы. Шымкент қаласының намысын қорғайды. Қазақстанның Премьер лигасында өнер көрсетеді. Клубтың тарихы 1998 жылдан басталады. 2000 жылғы маусым ортасында «Жігет» мен «Томирис» клубтарының қосылуымен "Достық" деген атпен пайда болды. 2003 жылы "Ордабасы" боп өзгертілді.
Қазақстан Кубогының және суперкубогының жеңімпазы. Клубтың негізгі формасы ақ, сыртқы формасы көк болып табылады.
Былтыр «Ордабасы» командасы өз тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанған болатын. Бұған дейін клуб екі рет үшінші орын иеленген болатын.