Шымкент: Есірткі жарнамасымен күрес күшейді

Oinet.kz 16-05-2024 953

7b476faf78cdc828fa7500833b9d54a1_original.53181.jpg

Шымкентте есірткі саудасына қарсы күрес шаралары қарқынды жүруде. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті хабарлады.

Есірткі сатумен айналысатын топтар, қылмыскерлер жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.

Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткімен байланысты қылмыстардың жолын кесумен қатар оның алдын алу мәселесін қай кезде де назардан тыс қалдырған емес.

Осы орайда, Полиция департаменті басшылығының нұсқауымен есірткі жарнамасы және оны насихаттауға қарсы тұрақты негізде қала аумағында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі басшылығы қойған міндеттерді орындау мақсатында есірткі қылмысын анықтау және жолын кесу стратегиясы ұдайы жетілдіріліп келеді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, өткен жылы полиция қызметкерлері 2 мыңнан астам есірткі жазбаларын анықтап, олардың көзін жойды. Бұл бағытта өткен жылы бірқатар науқандар өткізілді. Оған мүдделі мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметтер, партия өкілдері, жастар мен еріктілер жұмылдырылды.

Осы жылы да жұмыстар жалғастырылып, төрт айда тағы 3 мыңға жуық жазбалар анықталып, арнайы бояулармен өшірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамақ емес.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері осы жазбаларды қалдырған тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту мақсатында жұмыстар атқаруда.

Осы орайда, полиция қызметкерлері қала тұрғындарынан аталған мәселеге бей-жәй қарамай, есірткі жазбаларын қалдырудың куәсі болған жағдайда бірден «102» арнасына хабарлауды сұрайды.

Сондай-ақ, есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамаланғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Айта кетері, жуырда Шымкентте есірткі қоюшы қылмыс үстінде ұсталды. Ер адамнан аса ірі мөлшерде синтетика тәркіленді

Оны полицейлер Қаратау ауданының аумағында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының аясында рейд жүргізу барысында ұстады.

Азаматтан 36 орама мефедрон табылды.

Ұсталған азаматтың интернеттен «жұмыс» тауып, қала аумағында есірткі қойып кетумен айналысқаны анықталды. Ал, жасырын орындар туралы ол мессенджерде бөлісіп отырған.

Қазіргі таңда күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тәртіп сақшылары есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін ұзақ жылдарға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.


Шымкент: Дәрі-дәрмектер тікұшақпен жеткізіледі
Шымкентте аса ірі мөлшерде мефедон тәркіленді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу