Шымкент: Сайрамда ауыз су мәселесі шешілді
Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Сайрам» тұрғын алабында құрылысы аяқталған ауыз су жүйесін іске қосу шарасына қатысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін елдімекеннің 19 мыңға жуық тұрғыны жазда ауыз су тапшылығын көріп келген болатын.
Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетуді жеделдету мақсатында нысан жазғы кезең басталмай тұрып пайдалануға берілді.
Айта кетейік, бұған дейін абоненттер ауыз суды жекеменшік компаниядан кесте бойынша тұтынып келген.
Ал, бүгіннен бастап тұрғын алап халқы ауыз суға қосылуға өтінім бере алады. Алдағы уақытта “Құрсай” шағын ауданының тұрғындарын да толық тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Шымкент қаласында бүгінгі күні 81 елді-мекеннің 79-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 2 елді мекенде ол кестемен беріледі. 2023 жылы 6 нысанның құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды.Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті.
Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Сайрам тұрғын алабы аумақтарын ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, ауыз су жүйесімен 100%-ға қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кетері, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауында:
--БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Сондықтан, өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таса ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын, - деген боатын.