КІТАП LIVE: Байқау жеңімпазына «IPHONE» беріледі

Oinet.kz 15-05-2024 956

15.jpg 

 Шымкенттегі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде КІТАП LIVE 2024 кітап оқу байқауының ақтық кезеңі өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Байқауға 300-ден астам оқушылар қатысып, түрлі кезеңдерден іріктелген мықтылар финалда бас қосқан. Талай жастың зейінін ашып, қазақ әдебиетімен сусындауына септігін тигізген байқауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі.

– Кітап бітпейтін байлық, таусылмайтын қазына. Баланың кітап оқығаны дұрыс екендігін білеміз. Кітап мидың көкжиегін кеңейтеді. Кітап оқыған бала арманшыл, қиялшыл болады. Кітап оқыған бала ешқашан қатігездікке бармайды. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі өткізіліп отырған байқаудың үлкен мәні бар. Сондықтан бүгінгі байқауды ұйымдастырушы Қаратау дәстүрлі өнер мектебіне және демеушілік жасап отырған KEREGE GROUP компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Қатысушыларға сәттілік, шын жүйріктер жүлделі болады деп сенемін, – деді Сәрсен Абайұлы.

Байқауға қатысушылар алдымен әлеуметтік желіде сайысқа түскен. Екінші кезеңге өткен оқушылар Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабының желісі бойынша тест тапсырған болатын. Тестке қатысқан 300 оқушыдан іріктеліп, ақтық сынға 22 үміткер жолдама алған. Сайдың тасындай іріктелген жеңімпаздар сахнада Абай Құнанбаевтың таңдаулы жырларын, қара сөздерін, поэзиясын оқып, көрерменді әдеби әлемге жетеледі. Мұнан кейін сахнадағы сандықшада арнайы жасырылған сұрақтарға жауап берді. Сан жүйріктің ішінен оза шапқандарды анықтау қазылар алқасының еншісінде.

Байқауға елге белгілі журналистер, айтыскер ақындар қазылық етті. Жеңімпазға «iphone 15» смартфоны бұйырмақ.

Айта кетері, жуырда Ұлттық ҚҰрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

-- Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек,--деген болатын.


Шымкент: Солтүстікке тағы көмек керуені жөнелтілді
Шымкент: Сайрамда ауыз су мәселесі шешілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу