«Өнегелі ұрпақ»: Тыл ардагеріне құрмет көрсетілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында өтіп жатқан «Өнегелі ұрпақ» апталығында Тұран ауданы мансап орталығының мамандары тыл ардагеріне құрмет көрсетті. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы хабарлады.
Әлеуметтік саланың өкілдері Скворцова Нина Сергеевнаны алда келе жатқан 9 мамыр - Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 79 жылдығымен құттықтап, деніне саулық тіледі.
Нина Сергеевна 1937 жылы Ресейде дүниеге келген. Отбасымен бірге 25 жасында Шымкент қаласына қоныс аударып, зейнет жасына дейін жұқпалы аурулар ауруханада санитар-қызметші болып істеген.
–Шымкент менің туған қалам секілді. Бар ғұмырым осында өтті. Шымкенттің тұрғындары да ауа-райы секілді жүрегі жылы. Әр мереке сайын өздеріңіз секілді жастар келіп, құттықтап, сыйлығын табыстайды. Қуанып қаламын. Әкімдік те бізді түрлі мәдени іс-шаралардан қалдырған емес. Барлық қуаныш сыйлаған жандарға көп рақмет, - деп Н.Скворцова алғысын жеткізді.
Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде өтіп жатқан «Өнегелі ұрпақ» апталығында Еңбек мобильділігі орталығының аудандық бөлімшелері тыл ардагерлерінің үйіне барып, алдағы мерекемен құттықтауда.
Айта кетері, бүгінде Шымкент қаласында Ұлы отан соғысына қатысқан екі ардагер тұрады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемін 1 329 120 теңгеден (360 АЕК) 2 000 000 теңгеге (542 АЕК) дейін арттыру мәселесін шығаруды тапсырды.
Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оларға 41 400 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылды. Қалада 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.