Шымкент: Жол инфрақұрылымын дамыту үшін жоспарлы жұмыстар жүргізілуде

Oinet.kz 02-05-2024 474

16.jpeg 

Шымкентте жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

Қала әкімдігі мегаполис жолдарын заман талабына сай ету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруда. Жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді, 2 және 5-кезеңдерін жүзеге асыру бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Қонаев даңғылының 2-кезеңін, ал Өтегенов 1,2-кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл ретте қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды айналма жолдарға да ден қоюда. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 келесі жылы қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, сол арқылы 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарлануда.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Негізгі 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Бұл әдіс жұмысты күн суығанда да жүргізуге мүмкіндік береді, жол құрылысы маусымын ұзартады. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылады. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.
Аталған жобаларды жүзеге асырумен қатар, Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ қозғалысты ұйымдастырудың техникалық құралдары: жол белгілері, бағдаршамдар орнатылуда.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылып, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Қала көшелерінің қауіпті учаскелеріне, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.


Шымкент: Майдангерлерге пәтер кілті табыс етілді
«Өнегелі ұрпақ»: Тыл ардагеріне құрмет көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу