Шымкент: Ардагерлер ардақталды
Жуырда Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
--Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді,-деп атап өткен болатын. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары от кешкен ардагерлерді ардақтау бүгінгі ұрпаққа парыз.
Шымкентте Жеңіс мерекесі қарсаңында қалалық мәслихат депутаттары соғыс ардагерлері М.Төлепбергенұлы мен Н.Масунованың шаңырағында болып, мейраммен құттықтады. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Ардагерлерімізбен сұхбаттасып, ақ тілектерін білдіріп, қос ардагерге шапан жауып, лайықты сый-құрмет жасады. Майдангер қарттар өз кезегінде батасын беріп, бейбіт күніміз, берекелі тыныштығымыз мәңгі болсын деген тілегін айтты. Ардагерлер ауласын театр әртістері майданда жауынгерлерге рух берген әндерді орындап, естелікке толтырды.
– Ардагерлердің зұлмат соғыс жылдарындағы Отан қорғаудағы ерліктері, ұрыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге қосқан зор үлестері мәңгілік есімізде сақталады. Азаттық жолындағы қаһармандығы мен батылдығы өскелең ұрпаққа үлгі, зор мақтаныш,– деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Ардагерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, батасын берді. Аспанымыз ашық болып, елімізді одан әрі өркендетуге ақ жол тіледі.
Айта кетері, бүгінде Шымкент қаласында Ұлы отан соғысына қатысқан екі ардагер тұрады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мәслихатының кезектен тыс сессиясының күн тәртібіне Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемін 1 329 120 теңгеден (360 АЕК) 2 000 000 теңгеге (542 АЕК) дейін арттыру мәселесін шығаруды тапсырды.
Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оларға 41 400 теңге (12 АЕК) төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге (15 АЕК) ұлғайтылды. Қалада 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алады.