Сыздықбековтің қабылдауында 200 азаматтың талап-тілегі тыңдалды
Шымкент қаласы әкімінің бірыңғай қабылдауында 200 азаматтың өтініштері мен ұсыныстары қаралды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков алдын ала жазылған азаматтарды қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын қарастырды. Мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй кезегі, әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, білім, жер телімін заңдастыру бағыттарын қамтыды. Сонымен қатар қабылдауға кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар да келіп, жаңа жобалары мен бастамаларын ұсынды. Қала басшысы әлеуметтік маңызы бар ұсыныстармен келген тұрғындарға алғыс айтып, сала басшылары мен аудан әкімдеріне қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 200 тұрғынның арыз-шағымын тыңдады. Ғабит Сыздықбеков азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ жауаптыларға кері байланысты күшейтіп, өзекті мәселелерді шешуде халықтың пікірін, талап-тілегін ескеруді тапсырды.
Айта кетері, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында:
--Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында
Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет.
Жағдай жедел өзгеруде. Күштік құрылымдар жұмыстың озық әдістеріне көбірек ден қойған сайын олардың халықаралық тәжірибелерге бейімделу мүмкіндігі арта түседі.
Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда,--деп атап өткен болатын.