Шымкент: Кәсіподақ қызметін реттеу мәселелері талқыланды
Шымкентте әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Шымкент қаласының коммуникациялар қызметі хабарлады.
Отырыста кәсіподақ қызметін реттеудің бірқатар маңызды мәселелерін қамтылды. Атап айтқанда, кәсіподақ бірлестіктері мен кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісімді бекіту, Шымкент қаласының аумағында еңбек қатынастары саласының және қауіпсіздігінің жағдайы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудағы озық тәжірибелермен таныстыру сияқты мәселер сөз болды.
Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов баяндама жасады.
Баяндамада кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жеке қорғаныс құралдарын таңдау, сақтандыру тарифтері, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттерді дамыту, мемлекеттік бақылау-кәсіптік тәукелдерді басқару сияқты мәселелер төңірегінде айтылды.
Сонымен қатар қаладағы бірнеше компания өкілдері “Қауіпсіз еңбек жылы” аясында, тұжырымдама төңірегінде атқарылатын жұмыс жоспарлары айтып, тәжірибелерімен де бөлісті.
Жалпы, әлеуметтік әріптестік- еңбек қатынастарын реттейтін маңызды құрал.
Ал, өмірде кездейсоқ жәйттар болатынын ескерсек, еңбек адамының құқығын қорғау қажеттігі туындайтын кездер де кездеседі. Бұл мәселе кәсіподақ ұйым-дарынан қолдау тауып, үшжақты келісім нәтижесімен шешілетініне көз жеткізіліп жүр. Сондықтан, үшжақты келісім жалғасын таба береді. Оның мақсаты мен мүддесі шымкенттіктердің ертеңгі өмірін қалыптастыруға негізделуде.
Айта кетері, Кәсіподақтар федерациясы өткен жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланған болатын. Бүгінде кәсіподақ қозғалысының алдына қойған міндеттері Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру, қауіпсіз еңбек және еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда келтірілген зиянды әділ өтеу мәселелері бойынша заңнамалық жұмысты жалғастыру, ХЕҰ-ның еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек гигиенасы, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілерін болдырмау үшін кәсіподақ жұмысын күшейту болып отыр.