Шымкент: Министр шаруалармен мәселе талқылады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министрін ең ірі жылыжай кешенінің құрылыс жобасымен таныстырды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Ведомство басшысы «АйМар Құс» ЖШС жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Кездесу барысында шаруалармен бірге сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министріне мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасын да таныстырды.
Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны түріктің “Alarko Holding” компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 500 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жұмыс сапары қорытындысында министр қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды оң бағалады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетері, Шымкент қаласында былтырғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың га құраса биылғы жылы егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың га жетіп, 86,0 мың тонна өнім жинау күтілуде. , ауыл шаруашылығына соңғы жылдары тартылған инвестиция көлемі артқан. Биылғы жылы да осы бағытта 16 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асыруды жоспарлануда. Оның ішінде 3 көкөніс сақтау қоймасы, 3 тауарлы сүт фермасы, 2 сүтті қайта өңдеу цехы, 2 құс шаруашылығы, 1 мал азығы, 1 жеміс/көкөніс қайта өңдеу, 1 мал бордақылау алаңы, 1 жылыжай кешені.