Күн тәртібінде--өрт қауіпсіздігі

Oinet.kz 23-04-2024 531

7.jpg 

Естеріңізде болса, былтыр Абай облысында болған орман өртінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы мәселе жуырда  Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен арнайы жиында талқыланды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста 5 аудан әкімдері өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бүгінде әр ауданда дала өрттері туындаған жағдайда күш пен құралдарды жұмылдыру және тұрғындарды хабардар ету сызбасы дайындалып, алдын алу және жою бойынша мобильдік топ құрылған. Жауаптылар тілсіз жауды болдырмау мақсатында профилактикалық іс шараларды тұрақты түрде жүргізуде.

Казгидрометтің болжамына сәйкес, алдағы жаз мезгілі аптап ыстық болады деп күтіледі. Осыған байланысты бұл мәселе төтенше жағдайлар департаменті мен төтенше жағдайдың алдын-алу және жою комиссиясында қаралып, кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жалпы қала аумағында «Жасыл Белдеу»және «Бадам» орман шаруашылықтары орналасқан. Екі орман шаруашылығының жер көлемі 4 мың 826 га, оның ішінде орманды алқабы 2 мың 999 га, ормансыз алқап 1 мың 827 га құрайды.

Қала басшысы жауаптыларға өрт қауіпсіздігінің алдын алу және жою жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, Шымкенттегі Ордабасы алаңында және Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы үш субұрқақ қайта жаңартылады. Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков субұрқақтарды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Бүгінде Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру жоспарлануда. Қазір оның айналасын абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, су қоймасының аумағында субұрқақ іске қосылады. Жобада орындықтар, заманауи жарықтандыру шамдары мен көгалдандыру қарастырылған.

Ал Ордабасы алаңында жаңартылған субұрқақтар іске қосылады. Қайта құру барысында жақын маңдағы аумақты жабдықтау жоспарлануда. Бұл шаралар өз кезегінде мәдени нысандарға халықтың көптеп келуіне мүмкіндік береді.

Заманауи талапқа сай жаңартылған демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі бос уақытты тиімді өткізуге арналған жайлы орын болады.

Жобалар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылатын болады.


Шымкенттік құтқарушылар су тасқынына қарсы шараларға белсене қатысты
«Жасыл аймақ» апталығында көшеттер егілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу