Төркіндеп бару дәстүрі орындалмаған әйелдің жаназасы шығарыла ма?

Oinet.kz 22-10-2022 1453

Мұның негізі «төркін» деген сөзден шыққан. Ұзатылған қыздың төркін жұртына арнаулы (ресми) түрде баруы «төркіндеу» деп аталады. Мұндай жағдайда қыздың барлық туған-туыстары оны қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп риза етіп аттандыруға тиіс. Төркіндеу — әр қыздың парызы және ол бір-ақ рет төркіндеп баруға хақысы бар. Төркіндеудің халықтық, дәстұрлік маңызы зор және ол әйелдерге ғана тән ғұрып.

Screenshot_11.jpg

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Жыл аунамай төркіндеуді жаман ырымға балайды. Ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне бармайды. Ұзатылған қыздың жыл аунап төркіндеуінің өзіндік жолы, сыры, мәні мағынасы бар. Төркініне жалғыз күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақ сары бас қой сойып, үлкен той жасап береді. Күйеумен қызға, балаға төс, асық жілік арнап асады. Кетерінде жиенге қырық шыбар тай (кей жерде қырық серкеш) қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан жауып ат мінгізеді. Қызына әсте сыңар мал бермейді, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Онысы - «қуыс үйден құры шықпасын», «бала жолы - бал» десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі - қызымыз сыңар қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені. Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі - ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын деп отбасына сүйспеншілігі артсын дегені.

Осы жерде қыздың төркіндеуінің тағы бір ел жұрт алдында да, дін алдында да ерекше маңызы бар қағидалы жол екенін айта кеткен жөн. Өмір бар жерде өлім де болады. Мысалы, қазақ әйелі мейлі ол жас, мейлі жасамыс болсын көз жұмып, намазы шығарылар алдында "Бұл әйел төркіндеді ме?", деп сұрайды. Бұған марқұмның төркіндері яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруге тиіс. Егер әр түрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отқан ет жақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасауы керек. Ол былай жасалады: аталған туған-туыстары осы марқұм болған апамыз, не сіңліміз, не қызымыз төркіндеп келгенде бергеніміз деп ақша тастайды немесе мал атайды. Оны молдалар растап, дұға оқиды. Сөйтіп, марқұм төркіндеген және өз парызын өтеген болып саналады. Бұлай болмаған жағдайда марқұмға ауыр, арттағы туған-туыстарына парыз болып қалады. Бұл жол-жоралғы - таза қазақ үлгі-өнегесі, тәртібі, ата-бабаларымыз салып кеткен жөн-жосық. Мұны бүгінгі қазақ әйелдері ескергені жөн. Аналары да, қыздары да осы қағиданы ұстап, тәлімі мен тәрбиесі зор ұлттық мәдениетіміздің осындай жақсы үлгілерін өмірге енгізуі қажет. Бұл өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сыйлағанымыз болып саналады. 

Күйеуін әп-сәтте байытқан ақылды келіншек
Жоғалып кеткен баланы аман алып қалған жылқылар (болған оқиға)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу