Сұхбат беруге дайындалып жүрген Bek Air-дің екінші пилоты қайтыс болды
Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы Мейіржан Молдақұлов өз үйінде қайтыс болды, деп жазады OINET.KZ сайтының тілшісі блогер Денис Кривошеевтің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
"Кешке өкпе тромбоэмболиясынан 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы әуе апатынан аман қалған Bek Air компаниясының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов қайтыс болды. Кеше ғана ол өзін жақсы сезінген, сауығып келе жатқан еді. Одан жауап та алынды, және де ол үлкен сұқбат беруге дайындалып жүрген болатын", - деп жазды Денис Кривошеев.
Ұшқыштың өлімін Sputnik Қазақстанға Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы растады.
"Бүгін апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші пилоты қайтыс болды", - делінген ведомство ақпаратында.
Басқарма зардап шеккен ұшқыштың 21 қаңтарда тұрақты халде №4 қалалық клиникалық ауруханадан үйіне шығарылғанын еске салды. Одан кейін оның емханада амбулаторлық ем қабылдап, кардиолог, хирург, терапевт пен психолог бақылауында болғанын атап өтті.
"Бүгін сағат 18.00-де жедел медициналық жәрдем қызметіне денсаулықтың күрт нашарлауына қатысты хабар түсті. Жедел жәрдем уақытында келді. Жүрекке реанимациялық шаралар жасалды, бірақ нәтиже болмады", - деді басқарма мамандары.
Мейіржан Молдақұлов ұшақ апаты кезінде қатты жарақат алған. Сол кезде ол Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Оған бірнеше ота жасалды, омыртқасына да операция істелді.