Шымкент - Қызылорда: Кім жеңеді?
Соңғы кездері, әсіресе Бейжің Олимпиадасынан соң елімізде боксқа деген қызығушылық бәсеңдей түскені жасырын емес. Былғары қолғап шеберлеріне қарағанда халықаралық байрақты бәсекелерде ауыр атлеттердің бағы жануы билікке де, жанкүйерлерге де әсерін тигізбей қоймады. Бұған дейін елімізде №1 спорт түрі ретінде бағаланып келген бокс кейінгі орынға сырғи бастағандай. Жағдайдың осындай жайсыз сипат ала бастағанына Тимур Құлыбаев басқаратын ұлттық бокс федерациясы қалайша көнсін? Федерация басшылығы көп ойланбастан боксты жандандыру жолында білек-сыбанып іске кірісіп кетті. Президент кубогы үшін халықаралық турнирінің ұйымдастырылып, оған аты аңызға айналған Майк Тайсонның, сондай-ақ халықаралық бокс ассоциациясының (АИБА) президенті Чинг Вудың құрметті қонақ ретінде келуі осының айғағы. Боксты жаңғырту мақсатында қолға алынған және бір ауқымды жоба – Ұлттық федерация кубогы үшін ұйымдастырылған республикалық турнир.
Қазақстан бокс федерациясы кубогы үшін жарыс – құлдырауға кетіп бара жатқан отандық бокс саласын дүр сілкіндіріп, қалың ұйқыдан оятқандай әсер қалдырғаны сөзсіз. Әйтеуір, жаңа бастама жанкүйерлер тарапынан қызу қолдауға ие болды. Бұл дода бұрын-соңды болмаған форматта өткізілуде. Жарысқа қатысатын 16 команда төрт аймаққа бөлініп, әрқайсысының құрамында 10 спортшы өнер көрсетеді. Бұлар – облыстық немесе қалалық федерациялар негізінде жасақталған құрама командалар. Барлығы 15 кездесу өткізу жоспарланған. Қазақстан бокс федерациясының кубогы үшін ұйымдастырылған турнир шілде айында Атырауда басталып, финалдық кездесулер 16 желтоқсан күні Астанада ұйымдастырылмақ.
Федерация кубогын сарапқа салған жарыстың бірталай ерекшеліктері бар. Мәселен, қатысушы команда құрамына басқа облыстың, тіпті өзге республиканың спортшыларын қоса алады. Шетелден легионер шақыру отандық бокста бұрын-соңды болмаған жағдай. Федерацияның бұл әрекетін қолдайтындар табыла кеткенімен, мамандардың басым бөлігі жаңа ережені жақтырмай отыр. Шаршы алаңда шетелдік спорт шеберін тайраңдатқанша өзімізден шығып келе жатқан талантты жастарға неге жол бермеске? Сөз жоқ, қалай да жеңіске жетуге ұмтылатындар осы мүмкіндікті пайдаланып, сырттан боксшы шақыртуға кетәрі емес.
Күні бүгінге дейін бірнеше облыстар бірімен-бірі бақ сынасып үлгерді. Ақтау-Ақтөбе жекпе-жегінде мұнайлы Маңғыстау өлкесінің боксшылары жеңіс тойын тойлады. Бұдан соң Батыс Қазақстан облысының құрамасын қабылдаған атыраулықтар алғашқы жеңіске қол жеткізді. Астана қаласының құрамасы Павлодар командасынан 6-4 есебімен басым түссе, Шығысқазақстандық былғары қолғап шеберлері Алматы облысының жігіттерін айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетерлігі, басталғанына бар-жоғы бір ай өткенімен, турнир сенсациялық жаңалықтарға толы. Біріншіден, Бейжің олимпиадасында Қытай құрамасының сапында жасындай жарқылдаған қазақ бауырымыз Қанат Ислам бұл жолы Алматы облысының намысын қорғап, шаршы алаңға шықты. Шыққанда қандай! Өскемендік қарсыласын алғашқы соққыдан-ақ нокаутқа жіберді. Дегенмен, бұл кездесуде Қанат Исламның командасы ұтылуға мәжбүр болды. Турнирдің тағы бір жаңалығы – екі жыл бойы шаршы алаңнан тыс қалған Ердос Жаңабергенов боксқа қайта оралып, Ақтау құрамасының көшбасшысы атанды. Кезінде кубалықтарды қуып жүріп сабап, әлем чемпионы атанған Жаңабергенов дәл қазір бұрынғы бабында емес. Әйткенмен, соы біріншілікте Ердостың бағы жануы әбден мүмкін. Үшінші сенсациялық жаңалық – Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, шымкенттік Еркебұлан Шынәлиевтің оралуы. «Екі жылдай уақытқа созылған ұзақ үзілістен соң жаттығуға кіріскен Шынәлиевтің шаршы алаңда қандай өнер көрсетеді екен?» деген сұрақ қазір мыңдаған жанкүйерлерді толғандырып жүргені жасырын емес. Шынәлиев өз күшіне сенімді көрінеді. Жаттығуға толыққанды кіріскенін мәлімдеген шымкенттік былғары қолғап шебері Лондон Олимпиада ойындарына баруды көздейтінін жасырмады.
Ендігі кезек «Оңтүстік» дивизионына да келіп жетті. 14 тамызда Алматы қаласының боксшылары тараздық әріптестерімен күш сынасса, 21 тамыз күні Шымкентке көршілес Қызылорда облысының былғары қолғап шеберлері ат басын бұрмақ. «Оңтүстік» дивизионындағы кездесулер аяқталған соң жанкүйерлер 28 тамызда Қарағанды – Көкшетау, 4 қыркүйекте Қостанай-Петропавл жекпе-жектерін тамашалайды. Ширек финалда осы жұптарда жеңіске жеткен әр дивизионның командалары өзара кездеседі. Ал жартылай финалда «Батыс» пен «Оңтүстіктің» және «Шығыс» пен «Солтүстіктің» жеңімпаздары қолғап түйістіреді.
Шымкенттің командасын облыс құрамасының бас бапкері Қанат Орақбаев жаттықтыруда. Қызылордалық боксшылармен қолғап түйістіретін жерлестеріміздің дайындығы қандай? Бұл турнирде шымкенттіктер алдына қандай мақсат қойып отыр? Осы сауалдарды Қанат Орақбаевтің өзіне жолдадық.
- Дайындық жұмыстарын шілде айының 20-нан бастадық, - дейді Қ.Орақбаев. - «Бәйшешек» тау базасында жаттығу жиындарын өткіздік. Қазір жігіттер Шымкентте жаттығуда. Команданың құрамына тек жергілікті боксшыларды алдық. Командалық жарыс болғандықтан жеңіске жету үшін алты боксшы басым түсуі тиіс. Сонда ғана келесі айналымға шығуға мүмкіндік аламыз.
- Құраманың сапында Біржан Жақыпов шығады ма?
- Жоқ, қазір Жақыпов ұлттық құрама команданың сапында Англиядағы оқу-жаттығу жиындарына аттанып кеткен. Бәлкім, кейінгі кездесулерге қатысатын шығар.
- Шымкент құрамасының сапында кімді ерекше атап өте аласыз?
- Шаршы алаңға Еркебұлан Шынәлиев шығады. Ол бұған дейін облыстық федерация ұйымдастырған жарыста өнер көрсетіп бірінші орынды жеңіп алған. Бірақ шын мәнінде Еркебұланның бабы қандай екені осы турнирдің барысында анықталады. Шынәлиев 91 келі салмақта өнер көрсетеді. 91 келіден жоғары салмақта биылғы ел біріншілігінің күміс жүлдегері Досжан Оспановқа сенім артсақ, 51 келі салмақта Нұрғазы Жүсіпов, 64 келі салмақта Алмас Әлібеков секілді мықты боксшымыз бар.
- Қызылордалықтар жайлы не айтасыз?
- Осы жарыстың ережелеріне сәйкес, әр команда құрамына легионерді алуға құқылы. Естуімше, Қылыорда құрамасы Өзбекстаннан үш боксшы, Алматыдан бір былғары қолғап шеберлерін алдырып жатыр екен. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ал біз легионер шақырудан бас тарттық, барлық салмақтарда өзіміздің жігіттерге сенім артып отырмыз. Легионер шақырудан гөрі өзіміздегі жас спортшыларға мүмкіндік беріп отырмыз. Мәселен, біздің құрамда 18 жасар былғары қолғап шеберлері де бар.
- Жыл басында облысымыздың боксшылары ел чемпионатында сәтсіздікке ұшырап, бірде-бір алтын жүлдеге жете алмай құр қол қайтқаны есімізде. Осы жағдай тағы да қайталанады деген қауіп жоқ па?
- Барлығын ринг көрсетеді. Алдын-ала болжам айтқым келмейді. Бірақ, жігіттердің дайындық деңгейі жаман емес.
Мамандардың пікірінше, шымкенттік боксшылар қызылордалық қарсыластарынан басым түсуге тиіс. Себебі, жыл басында Серік Сәпиевтен айласын асыра алған Рустам Сыбаев болмаса, қызылордалықтардың сапында бөле-жара атауға тұратындай спортшыны көріп отырғанымыз жоқ. Көршілес облыстың бапкерлері масқара болмаудың амалын жасап, сырттан легионерлерді шақырып жатуы да бәлкім содан шығар. Шымкенттіктердің құрамындағы Нұрғазы Жүсіповке айрықша үміт артылып отыр. Өйткені, Астанада өткен Президент кубогы үшін жарыста жартылай финалға дейін жетіп, монғолиялық былғары қолғап шебері, әлем чемпионы Пуревдорж Сердамбамен жекпе-жекке шыққан жерлесіміз алғашқы екі раунд бойы танымал қарсыласын ұтып келе жатқан. Тек соңғы раундта Сердамба бірнеше сәтті соққы бере алып, 9-6 есебімен жеңіске жетті. Мамандар сол кездесуде Жүсіповтің техникасы мен жігерлігіне жоғары баға берген. Сонымен қатар аса ауыр салмақтағы Досжан Оспанов та осы турнирде өзін жақсы қырынан танытуға тиіс. Әрине, Шынәлиевтің де өнерін тамашалауға қызығушылық танытып отырғандар көп. Шымкент-Қызылорда жекпе-жегінің жеңімпазы Алматы-Тараз кездесуіндегі мықты командамен жолығатын болады. Жігіттерге сәттілік тілейміз!