Қайрат Жолдыбайұлы: «Осы жерден тоқтайық... Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын»

Oinet.kz 07-10-2019 2732

5d971fce2a256067515264.jpg

Өткен аптада танымал айтыскер ақын, "Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабектің құқық қорғаушылармен болған кездесуінде айтқан ойлары ел ішінде түрлі пікір тудырған еді. Көпшілігі айтыскер ақынды ауыр сынға алды. Сынға алушылардың қатарынан белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да табылды. Ол Мұхамеджан Тазабекке дінге саясатты араластырудың қажеті жоқ деген сарында қарсы ойын жеткізді. Осыған орай, айтыскер ақын өзінің Фейсбуктегі парақшасында Қайрат Жолдыбайұлына жауап берген еді. Мұхамеджан мырза бұл жазбасында Қайрат Жолдыбайұлын тексерілмеген ақпараттың жетегінде кетіп қалмауға шақырды. Аталған шақыртуға Қайрат Жолдыбайұлы Фейсбук парақшасында жауап берді деп хабарлайды Oinet.kz.

Төменде Қайрат Жолдыбайұлының әлеуметтік желіде жазған ойы қаз-қалпында берілді:

"Мұхамеджан бауырымның ақталып жазған жазбасын оқыдым. Мені қате ақпаратқа алданудың нәтижесінде эмоциямен өзіне қарсы пікір жазыпты деген сыңайда әңгіме айтыпты.

Оу, Мұхамеджан бауырым, сөздеріңе қарсы шығып, саған ренжіген мен ғана емес, бүкіл халық қой. Бұл екеуміздің арамыздағы жеке бастың дауы емес. Монтаждалған депсің. Кез келген ұзақ видео қысқартылады. Егер қысқартқанда мағына өзгеріп кетсе, онда өзіңмен келісемін. Тіпті өзіңді қорғаймын. Бірақ не айтқың келгені ап-анық тұр ғой. "Меккеде намаз оқыған адамды жамбасынан оңдырмай тебуге рұқсат беріп қойған дін қандай дін" - деген күдікті сауал әркімнің ойында қалды.

Қасиетті қағба алдында кейбір адамдардың Аллаға беріліп кетіп қолайсыз жерге намаз оқығанын шешудің құйымшаққа қатты тебуден басқа өркениетті, адам қадірін кетірмейтін басқа мәдениетті жолы жоқ па, сонда? Міне осы сөздермен діннің қадірін кетірдің. Және бұл сөзіңді, яғни, діни аргументті көшеге шыққан халықты жасына қарамай аямай қамауға, полицияны қайрау үшін айтқаныңның қай жері монтаж?

Сосын көшеге біреу алданып шығады, енді біреу тарығып шығады. Қайсібірі әділеттік іздеп, азаматтық позициясын білдіру үшін шығады. Полицияға "алаңдағы халық біреуіңнің әкең, біреуіңнің анаң, әпке-қарындасың. Мемлекеттің қауіпсіздігін дөрекілікке бармастан сақтаңыздар. Әсіресе жасы үлкен кісілерге қатты кетіп жағдайды одан әрі ушықтырып, халықты ашындырып алмаңыздар" - десеңіз нағыз жанашырлық, шынайы мемлекетшілдік болар еді. Талай постымда да ашық айтып жүрмін.

Мен революцияны қолдамаймын. Бірақ әділетсіздікті айтуға, жеткізуге тиіспіз. Әділетсіздікті айтуға тиіс адамдар тек сарайды мадақтағанның нәтижесіне мемлекетмізде көптеген былықтар орын алып жатыр. Халық өзіңнен таразының басын тең ұстап мемлекетіміздегі талан-таражды, жемқорлықты, ысырапшылдықты, әділетсіздікті де айтуыңды қалайды. Біржақты уағызға халық мезі болған.

Сосын өзіңе ғана оңаша айтатын екеуміздің арамыздағы жеке бастың мәселесі емес қой. Видеоң барлық әлеуметтік желіде кең тарап, халық менсіз де қызу талқылып жатқан болатын. Мен дін адамы ретінде өз позициямды білдірдім, қате сөздеріңді сынадым.

"Монтаж" - деп ақталмай-ақ, "кейбір сөздерім мен мысалдарым орынсыз болыпты, эмоциямен айтылған қате әрі артық сөздер екен. Сол үшін халықтан кешірім сұраймын десең халық басқаша қабылдар еді. Әрдайым халықтың жанында болуға тиіс өзің сияқты ақынға осы жарасар еді. Асыл арнаны жабуға қатысты пікірлерге қосылмаймын. Оны қадағалап отырған мемлекет пен ҚМДБ мамандары бар.

Мен өз ойымды айттым, өзің де оған жауап бердің. Енді осы жерден тоқтайық. Халық ақ-қарасын өзі ажыратады. Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын!"

40 мың жер учаскесі таратылады
Мешіт имамы: «Ішімдік ішуді тоқтату үшін ауыл болып күрестік»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу