Өзбек президентінің таудағы құпия шипажайы табылды
Өзбекстанның мемлекеттік компаниялары президент Шавкат Мирзияевтің таудағы құпия шипажайының құрылысын жүргізген. Азаттық радиосының Өзбек қызметі журналистік зерттеуінің авторлары осындай тұжырым жасаған, деп хабарлайды Oinet.kz.
Журналистер мәліметіне қарағанда, Мирзияевтің зәулім үйі және тікұшақ қонатын алаңқайы бар нысан құрылысы 2017 жылы басталып, 2018 жыл аяғына таман біткен. Кешен Угам-Чаткал биосфера қорығы аумағында бой көтерген. Бұл қорықтың бір бөлігі UNESCO ұйымының дүниежүзілік мұралары тізіміне енген.
Зерттеуде шипажай маңында жаңа су қоймасы бар екені айтылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл қойма сумен қамту жүйесіне кедергі келтірген. Сол себепті бірнеше отбасы көшуге мәжбүр болған.
Озодлик радиосының мәліметі бойынша, құрылысты "Өзбекстан темір жолдары" мемлекеттік компаниясы жүргізген. Су қоймасын былтыр жарылған Сардоба қоймасын тұрғызған компания салған. Сардобадағы апаттан алты адам қаза тауып, мыңдаған адам баспанасыз қалған еді.
Құпия шипажай Ташкенттен оңтүстік-шығысқа қарай 100 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер Өзбекстанда ұшуға тыйым салынған алты аймақтың біріне жатады. Мирзияев әкімшілігі мен "Өзбекстан темір жолы" баспасөз қызметі журналистер сауалдарына әзірге жауап берген жоқ.