«TURKISTAN OPEN MEDIA-2020» аясында журналистер марапатталды

Oinet.kz 24-06-2020 1325

Screenshot_10.jpg

28 маусым-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі биыл осыменен екінші мәрте тойланбайды. Естеріңізде болса, былтыр журналистер күні қарсаңында Арыс қаласындағы  оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, қолына қалам ұстаған қауым елдің қабырғасы қайысып, бүкіл ел көмекке жұмылып жатқан кезде той тойлаудан бас тартқан еді. Биыл карантин қолбайлау болып тұр.  Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің  төл мерекесі бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылған кезбен сәйкес келді. 

Бірақ бұл мереке мүлдем аталып өтпейді, ескерусіз қалады деген сөз емес. 

Белгілі журналист Ғалымжан Елшібай төрағалықтың тізгінін ұстаған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы кәсіби мереке қарсаңында еңбегімен елдің назарына іліккен шығармашылық қауымды марапаттауды ұмытқан емес. Былтыр Арыстағы жарылыс кезінде апат аймағынан ақпарат таратқан журналистер мен блогерлерге филиалдың Алғыс хаттары табыс етілген еді. Биыл Мақтааралдағы су тасқыны кезінде белсенділік көрсеткендердің есімдері кешегі күні Түркістан қаласында өткен «Turkіstan open media» форумында құрметпен аталып, оларға арнайы «Айбын» номинациясы тапсырылды. Биыл онлайн түрде өткен шара барасында  бұдан басқа да бірқатар номинациялардың иегерлері анықталды. 

Облыс журналистикасының қара шаңырағы атанған «Оңтүстік Қазақстан» газетін жиырма жылдан астам уақыт бойы басқарған Әмірсейіт Әлиев, «Жанубий Қазоғистан» газетінде еңбек еткен   Сабыржан Юсупалиев атындағы номинациялар, осыдан бір жыл бұрын ғана өмірден өткен, журналистикада өзіндік өрнегімен, өзіндік бастамаларымен есте қалған Кеңес Исмаилов атындағы сыйлықтар тапсырылды. Осылардың ішінде екі номинацияға кеңірек тоқталып кеткенді жөн санап отырмыз. Екеуі де бұрын-соңды болмаған тың сыйлықтар саналады. 

Ақын Мұхтар Шахановша айтсақ «Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті». Оның біріншісі Нұрмахан Оразбек атындағы сыйлық. Н.Оразбек аға бір сәттік ерлігімен қазақ журналистикасының тарихына есімін жазып кеткен қаламгер.  1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облыстық компартия комитеті мен облыстық депутаттар кеңесінің органы «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырыппен, КСРО-дағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шықты. Сол кезде республикалық басылымдардың өздері «қалай болар екен» деп екі жаққа алма-кезек жаутаңдап отырғанда жоғарыда аталған басылымның бас редакторы Нұрмахан Оразбек ағамыз бар жауапкершілікті мойнына алып, батылдыққа барды. 

Қарымды журналист, білікті бас редактор Түркістан топырағында дүниеге келген. Еңбек жолында Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» және «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «ҚазАқпаратта» бас редактор, директордың орынбасары, «Ақиқат» журналында бас редактор қызметтерін атқарған. Жаңа номинация Нұрмахан ағаның бойындағы батылдық бізге де жұғысты, үлгі-өнеге болсын деген ниетпен тағайындалып отыр. 

Екіншісі, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы көрерменнің көзайымы болған Бейсен Құранбек атындағы номинация.  Қайтыс болғанына енді қырық күн толып жатқан  Бейсен Құранбек қазақ журналисткасында жұлдыздай жарқырап өткен тұлға. Оның телевизия саласындағы өзіндік стилі, қайталанбас жолы талайларды өзіне еліктіргені даусыз.  Тыңға түрен салып, қиындығы да, қызығы да мол журналистикада зор қажыр-қайрат, таусылмас шығармашылық қуат иесі екендігін дәлелдеген  Бейсен Құранбек атындағы номинация ізденпаздығымен, ерекшелігімен танылған журналистерге беріліп тұратын болады. Бейсен Құранбектің   Оңтүстіктің тумасы еместігін алға тартушылар да кездесуі мүмкін. Алайда Оңтүстіктің журналистикасы жалпы қазақ журналистикасының бір бөлшегі екендігін, қазақ  журналистикасындағы жеткен жетістік, құндылық бізге де ортақ екендігін ұмытпауымыз қажет. Оңтүстіктің шығармашылық қауымына өңір, облыстың аумағымен шектеліп қалмау да керек шығар. 

Медиафорум барысында жиырмадан астам азамат Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. 

Рахманқұлов-Құрметті журналист

«Қазақстанның құрметті журналисі» атағы журналистикаға 40 жылдан астам еңбегі сіңген, қарымды қаламгер, талай шәкірт тәрбиелеген, биыл 85 жылдығы атап өтіп жатқан «Төлеби туы» газетінің директоры-бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұловқа берілді.

7fd69eb2-e38f-436d-8752-5fae95461925.jpg

Грамотамен марапатталды

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Құрмет Грамотасымен марапатталғандар:

1. АБДАЛИЕВА Малика Махамбеткәрімқызы, МедиаON ақпарат агенттігінің бас редакторы;  

2. ТҮЙЕТАЙ  Балтабек, «Еркін ой» газетінің бас редакторы; 

3.  ЗАЙНИШЕВ  Қайрат Қуанышбекұлы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі;

4. 90 жылдық мерейтойына орай Түркістан қалалық  «Түркістан» газеті.   

5. БІЛӘЛБЕКОВ Пернебек Төрекелдіұлы, «Еуразия» бірінші арнасының меншікті тілшісі. 

f3aab45a-0d8a-4371-a976-2adc570ba124.jpg

Номинация жеңімпаздары   

Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы тағайындаған номинациялардың иегерлері:

-Әмірсейіт Әлиев атындағы номинацияның жеңімпазы  – «Сарыағаш» аудандық газетінің бас редакторы Мұрат Бекей

- Кеңес Исмаилов атындағы номинацияның жеңімпазы – «Южный Казахстан» облыстық газетінің тілшісі Владимир Привалов

- Бейсен Құранбек атындағы номинацияның жеңімпазы - Ардақ Жақсылықова, "NarTV" телеарнасының бас редакторы; 

- Нұрмахан Оразбек атындағы номинация - Ұлықбек Үмбет, «Өзге пікір» газетінің тілшісі,

- Сабыржан Юсупалиев атындағы номинацияның жеңімпазы  – «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің корректоры Гулмира Ашурметова

- Тұрсынхан Саржанов атындағы номинацияның жеңімпазы  - «Ontustik» телеарнасының операторы Рулан Рүстемов

- Төрегелді Байтасов атындағы  номинацияның жеңімпазы  -   «Айғақ» телеарнасының тілшісі Бағлан Дүрманова

- Қасымбек Нұрбеков атындағы  номинацияның жеңімпазы  - «National Geographic» журналының фототілшісі Мақсат Шағырбаев.

38141574-d66b-4f43-a8f0-5c619cae49a9.jpg

«Айбын» номинациясының жеңімпаздары:

Айдар Сейдазым, Түркістан облысының ақпарат және талдау орталығы директорының орынбасары;

Олжас Мамыр, блогер, ерікті.  

Алғыс хат алды  

Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың Алғыс хатымен марапатталғандар: 

Аманғали Әбуов, «Дөңгеленген дүние» газеті бас редакторының орынбасары,

Мария Сәулебекқызы, «Рейтинг» газетінің тілшісі,

Гаухар Әбілдаева, «Мектеп» және «Жас ғалым» басылымдарының редакторы,

Назерке Үкібасова, «Отырар» телеарнасының тілшісі

«TURKISTAN OPEN MEDIA-2020» форумында пандемия тұсындағы инфодемия туралы айтылды
Каналдарды жөндеу жұмыстары қолға алынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу