Негізгі емдік фактор - минералды су
21-11-2022
Ордабасы ауданының 55 жылдығы аясында жуырда «Қазақ рухының қағбасы -Ордабасы» мерекелік шарасы өтті. Дүбірлі тойға Премьер-минстрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, халыққа құттықтауларын жеткізді.
Мерейтойда аудан тұрғындары мен қонақтарға ауылшаруашылығы өнімдерінің, қол өнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің «Алтын күз» көрмесі ұсынылды. Салтанатты жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауылшаруашылық саласының үздіктері мен аудан дамуына елеулі үлес қосқандарды «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапаттады. Еңбегі бағаланғандар аудан әкімі Әліпбек Өсербаев тарапынан да түрлі марапаттарға ие болды. Сондай- ақ, атаулы мерекеге орай аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген тұрғын үйден көпбалалы және аз қамтылған 20 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Ал аудандық мәдениет үйінде 400 адамның қатысуымен «Тарихқа тұнған Ордабасы» ғылыми танымдық конференция ұйымдастырылып, аудан тарихы терең қамтылған баяндамалар жасалды. «Ордабасы бірлік пен ынтымақтың символы. 1988 жылы Шымкент педагогикалық институты археологиялық экспедициясы алғашқылардың бірі болып Ордабасы тауында қазба жұмыстарын жүргізді. Онда Сақ дәуіріне тиесілі патша қорғанының орыны табылған. Оның нәтижесінде Ордабасының ежелгі дүние тарихынан да көп сыр шертетіні мәлім болды», - деді ОҚМПУ оқу және оқу әдістемелік істері жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек.
Аудандық орталық стадионда Өзбекстан, Қытай елдерінінен келген айтыскер ақындардың қатысуымен өткен халықаралық ақындар айтысында бас жүлдеге Карима Оралова ие болды. Сондай-ақ көпшілікке «Күш атасын танымас» ұлттық спорт ойындары көрсетілді. Алаш жұртының бірлігін бекем еткен Ордабасы тауының қойнауы тарих тереңінен сыр шертеді. Атаулы мерекеде көрсетілген тарихи сахналық қойылым Ордабасы жерінің бар қасиеті мен киесін паш етті. Аттың құлағында ойнаған жігіттер, күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де дүбірлеген тойдың көркін қыздырды. Ордабасылықтардың дүркіреген тойы мерекелік от-шашумен аяқталды.
"Рейтинг" газеті, №42, 31 қазан, 2019 ж