Кезінде біздің облыстың әкімінің бірінші орынбасары қызметін біліктілікпен атқарып, одан кейін Өскемен қаласының әкімі, ал биыл Су ресустары комитетінің төрағасы болып тағайындалған Ислам Әбішевтің басы жоқ жерден дауға қалды. Төрағаның басын бәлеге қалдырған қарамағындағы бұрынғы қызметкері, Сәтпаев каналының экс-директоры Тұрғанбай Сәрсенбаев. Екеуі де Оңтүстік өңірінің тумасы. Кезінде сонау комсомолдан бері бірге қызмет еткен, отыз жылдан бергі айырылмас дос болғандарын естіген ел бұған аң-таң. Біз білетін Тұрғанбай Сәрсенбаев кезінде Шымкент қалалық әкімдігінде аппарат басшысы, қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сәтпаев атындағы каналдың директоры болып жүрген оған жаңа бастығы Ислам Әбішев негізсіз тапсырмалар беру арқылы ашық тонауға көшіп, туған күнін тойлаудың шығынын өтеуге, тіпті костюм сатып әперуге мәжбүрлеген. Оның бұл мәлімдемелері «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің отырысында экраннан көрсетілген. Т.Сәрсенбаев өз сөздерін дәлелдеу үшін костюмге, дастарханға төленген қаржының түбіртегін жинап жүруді де ұмытпапты.
Отыз жылдан бері досым деп жүрген азаматтың ойламаған жерден жаманатты қылғанына Ислам Әбішев те өкініш білдірді. Шын мәнінде жағдайдың қалай болғанын кім білсін, бірақ баспасөз мәслихатын өткізген ол да өзінің ақ екеніне біраз айғақтар келтіріп бақты.
Ислам Әбішевтің айтуынша, ескі досының бұған ұнамай қалуының өзіндік себебі бар. Сәтпаев каналының директоры ретінде Т.Сәрсенбаев №1 насос станциясында қайта құрылымдау жұмыстарына 6 миллиард теңге бөлген. Ал И.Әбішев тексеру жүргізіп, шын мәнінде құрылысқа қажетті қаржының 1,5 миллиард екенін анықтапты.
--Мен Сәрсенбаевқа: «4,5 миллиард теңге артық қой, жобаға түзету енгіз» дедім. Бірақ ол айтқанымды орындамады. Осыдан кейін оны орнынан босатуға тура келді. Ұрының арты қуыс. Құқық қорғау органдары онымен айналысатын болады деп ойлаймын. Сәрсенбаевтың арызынан кейін мені қазынаның 100 миллиард теңгесін ұрлағандай қыса бастады. Бірақ мен алған бағытымнан қайтпаймын, Елбасы мен Үкіметтің берген тапсырмасын орындаймын,--деді ол.
Бүгінде Т.Сәрсенбаевтың арызы бойынша қаржы полициясы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ескі достар арасындағы дау-дамайдың немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Белгілісі оңтүстіктің 30 жылдан бері доспыз дейтін екі азаматының Астанада өзара қырқысып жатқаны естіген елден әбден ұят болды.
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж